Талауға қалдырды. ~ «Доғар ол ойды осы арадан! Баспаймын оны! Басылмайды. Мені де таланға тастайсың. Сені өзге түгіл өзіңнің екі туып бір қалғандарың талайды. Мен білмейді дейсің бе оны? Жазба! Ажалыңнан бұрын өлесің»,– деді. Т.Жұрт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҚЫМЫНА ТАР КЕЛДІ
Көңілі толмады, олқысынды. ~ – Тастай мені тақымына тар келді демес! Тар келеді демесе, қалыңын қалағанынша алсын! Қолынан қақпан. «Мал береді, ол аз болса, жан береді» де. К.Сег.
ТАЛ БЕСІКТЕН ЖЕР БЕСІККЕ ДЕЙІН
Адамның дүниеге есігін ашқан кезінен о дүниелік болғанға шейінгі тірлігі. * Сәби шыр етіп дүние есігін ашқанда Алланың қалауымен періштелер оның маңдайына тағдырын жазады,тал бесіктен жер бесікке жеткенге дейін сол тағдырдан асып ешкім ешқайда бара алмайды. А.Әлт. * Бұл орталыққа ғалымдар, тіл мамандары, журналистер, этнографтар арнайы шақыртумен қатысып отырады. Оның мақсаты – тал бесіктен жер бесікке дейінгі ұлтымыздың әдет-ғұрпын болашақ ұрпаққа жеткізу. Осы сіз бен біздің ойымыздың тоғысқан жері. Ж.Баб.
ТАҚЫМЫ МЫҚТЫ
Атқа нық, мығым отыратын адам туралы. ~ Өткен жылы көне Үргеніштің базарында жүргенде сұлу арғымақты саудалап тұрған балуан тұлғалы түрікмен жігітіне кезіккен. "Тұлпарды тақымы мықты адам ғана саудалар болар, кәне, жолымнан былай тұрыңдар" -деп әлгі алға ұмтылған. А.Өтег. ~ Сұлтанмұраттың осы жүргенде тақымы мықты. Тарпаңдаған талай неменің сауырына бір қонды-ақ, басқа ұрсаң да мыңқ етпейтіндей қып сүмірейтіп шығарады. Ауылүйдің тайын да, тайқарын да сол жуасытады. Ш.Айт.
ТАҚЫМЫНА ТИМЕДІ
Бұйырмады, меншіктей алмады. ~ Дүниеде өзінің малы өзіне бұйырмағаны жанға қатты батады екен. Көк әңгі, арам да болса, Тортайдың өз малы ғой. Сол есек мына егін орағы басталғалы бері иесінің тақымына тимейтін болды. Ш.Мұр.
ТАЛ БОЙЫ
Бүкіл болмысы; тұла бойы. ~ Тал бойымда тұрғанда өз асылым, Дүниеде жоқты іздеп сарсыламын. Р.Нияз. ~ … о баста ата тәлімі, ана тәрбиесі арқылы сүйекке сіңген жақсы әдет тал бойына жарасып-ақ тұр. О.Сәрс.
ТАҚЫМЫ ТАРТТЫ
Көне ырым бойынша, тақымы тартқанда бір жақсылық болады деп сенген. ~ Жаз жайлауына қонып, белін енді шешіп, аяғын енді көсіліп, демін енді алған қазақтың арада бірер күн өтпей жатып тақымы тартып, табаны дуылдап қыши бастайды. Жүргісі, әлдеқайда барғысы келіп тұрады. Ә.Кек. ~ Осы күнде, Тоқтар шал, Оң қабағым тартады, Қуантамысың, Құдай-ай! Осы күні, Тоқтар шал, Аузы құрғыр тартады,— Жалғызымды сүйгендей! Иіні құрғыр тартады,— Қараспан тауға ел қонып, Еруге қамқа кигендей! Осы күні, Тоқтар шал, Тақымы құрғыр тартады,— Қараспан тауын жағалап, Қалың Қыпшақ ел көшіп, Сұр жорғаны мінгендей! А.Байт. "ҚҚҚ". ~ Апырай, бұған дейін сені қалай білмегем? Мынау шоқ шашқан көздеріңнен он жетідегі бойжеткеннің ботакөзі садаға кетсін. Тулама, жаным. Көзің қарайып, арқаң қышып, тақымың тартып жүрген шығар. Реті келіп тұрғанда қажетіңді ашып, сауабыңды алайын. С.См.
ТАҚЫМЫНАН СОЙЫЛ ТҮСПЕДІ
Қарақшылықпен айналысатын баукеспе ұры. ~ Ол төрт аяқты тағыдан басқа тірі мақұлық жорытпас елсіз түздерде, әсіресе, тақымынан сойылы түспейтін, сойылының қаны кеппейтін жортуылшылармен жиі ұшырасатын. Ә.Кек.
ТАҚЫМЫ ТАСТАЙ
Атқа нық, мығым отыратын шебер шабандоз туралы. * Тақымы тастай, білегі құрыш, жігері қылыш, аты аңызға айналған атақты шабандоз Ерғали Сүлеевке оңтүстіктің үлкенді-кішілі көкпаршылары бір ауыздан «Ғасыр шабандозы» деп баға берген екен. БАҚ. ~ 130 шақырымдық бәйгеде 2 орын алған Пырақ есімді ат бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1 орынды осы ауданның аты иеленген-ді). Біз сол атқа шапқан тақымы тастай шабандозбен аз-кем әңгімелескен едік. "ЕҚ".
ТАҚЫМЫНДА КЕТТІ
Атын біреу иеленіп кетті. ~ Арқанбай бригәт Тортай шалды осылай бір ықтырып алғалы бері Көк Әңгі элеваторға бидай таситын балалардың тақымында кетті. Ш.Мұр. ~ Сарысу бойын шаңдатқан Керей, Уақ, Тарақты жылқысын азулары алты қарыс Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найманның тақымында кетті. Ә.Кек. ~ Қас жүйрік қыпшақ ұлдың тақымында кеткенде түрікпендер жер сабалап қалды. Ер қанаты аты өлсе, адамнан кем көрмей, көр қазып жерлейтін; ең асыл тұқымының жалын тірі жанға сипатпай, ерен құпия сақтайтын; қисапсыз қазынаға айырбастамас, антқа берік текежәуміт, ата мал айғырын өлсе сатпайтын; астындағы атын жанынан, қойнындағы қатынынан артық көретін; айтулы батырлары ұрыста өлген атының басын ардақтап биік тауға қоятын, тұлпардан айрылуды өлімнен кем көрмейтін қайсар қазақ, түбі ер түрік оғыз- қыпшақ нәсілі жылқы десе еліріп, шалық шалғаннан бетер есі кетеді. А.Кем.
