Posted in

ТАБАНЫ ҚЫЗДЫ

Делебесі қозып, желікті. * … «Кеп қалды, қойыңдар!», «Қойдық қой, болмайды!» деген дауыс шығады. Оған қарайтын адамдар емес сияқты, аналар. Табаны қызып алған тыз етпе жылқыдай жұлқынады екеуі. Б.Қыд. * Міне, қазір де табаны қызып, шабыс тілеген сәйгүліктей ереуілдеп, өз-өзінен тықыршып тұр. Т.Сәу. * Келе-келе тіпті табаны қызып, ауыздықты тарта берген соң Бәйгеторының басын бос қоя берді. Қ.Най. * Бірақ табаны қызып отырған ықпас жігіттің бұл зекірік керісінше намыскер ашуын қоздыра түскен. Ж.Ахм.

Posted in

ТАБАНЫН ТІЛДІ

Жазалады, жұмысқа жекті, құлдыққа салды. ~ Асқақ басын иілтіп, Табанын тіліп құл етіп, Алдыма алып келіндер! М.Әу. * Төсек салғызып жатып қалды. Бүгін келген қонағын ертең табанын тіліп, қара жұмысқа қоспақ. М.Қаб. * Қызды енді қайта біреуге сатқанға дейін күң орнына жұмсап, баланың табанын тіліп қозыға салып қойса, аз олжа емес. Ж.Ахм. * … мойнына бұршақ салып Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы осы Жақыпқа дейін табанын тіліп отырып жұмысқа салған. Қ.Ысқ. * — Сол ант ұрғандар ғой, елдің ұл-қызын орысқа апарып напақа түсіріп, тірлік етіп жүрген. Шіркін солардың табанынан тіліп, қылтасын қияр күн болар ма екен, — деді тістене. Б.Жұм.

Posted in

ТАБАНЫ ҚЫШЫДЫ

Жол жүруге құмартты. * … қайда жол түсер екен деп табаны қышып, балтырын қасып үйіне сия алмай отырған байғұс мұжықтарға: «Барыңдар ана шығыс өлкелерге, батыңдар ана байлыққа!» — деп айтпайсыңдар ма, түге?.. Ә.Кек.

Posted in

ТАБАН ЖОЛЫН ТАПТЫ (ТАППАДЫ)

Барар бағытын тапты, жолынан адаспады (адасты) д.м. ~ Оған мен қарсы болмас ем, егер табан жолымызды таба алатын болсақ!.. Дала көрдей қараңғы!..Түк көрінбейді!.. Жердің миы шыққан саз!.. Аяқты қия басып болмайды… С.Мұқ. ~ Өмір деген осы: біреу табан жолын таппай қырға қарап меңірейді, келесі кісі қашан еңіске түсемін деп ылдиға өңмеңдейді. Д.Дос. ~ Сонда сіздер не ұстайсыздар терезеге? – Кенеп сияқты тозған шүберектен. – Одан да сәуле түсе ме? – Табан жолды табу да, әйтпесе, жарық боп не оңдырады дейсіз. С.Мұқ.

Posted in

ТАБАНДАП ЖАТЫП АЛДЫ

Орнынан бір табан қозғалмай сіресіп, қасарысты. * Сол кезде барлық аттылы-жаяу тұрған жиын байталдардың мойнында сүйретіліп жүрген арқандарға үштен, төрттен жабысып, табандап жатып алысты. Сүйтіп, соңғы қашағандар да тегіс ұсталды. М.Әу. * Айдың да кеткісі жоқ көк бетінен, Табандап жатып апты етпетінен. М.Мақ. * Кіріспесін қыздырмалатып-ақ алып кеткенмен, кірісер жердің өзіне келгенде қыр асуға мұршасы болмай, ентігіп қала береді. Қаламдары табандап жатып алады. Ғ.Қаб.

Posted in

ТАБАН ЖОЛЫНА МЫҚТЫ

Алған бағытынан таймайтын адам туралы. ~ Бұлар Амантайдікіне түсіп, келген жұмысын айтты. Амантай момын шаруа болғанмен де намыскер, табан жолына мықты кісі еді. С.Көб.

Posted in

ТАБАНДАТҚАН (пәленше) ЖЫЛ БОЛДЫ (ӨТТІ)

Аттай пәленше жыл өтті д.м. ~ Ұмытпасам, бұдан табандатқан 14-15 жылдар бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйіңде жиырмаға тарта баланы алқа қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. Ж.Айм. * Ойлап қараса, бұл жерге келмегеніне табандатқан қырық жыл өткен екен. С.Ом. * Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де: — Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді. ҚЕ. * Табандатқан жетпіс жыл бойы орысшасы орығып тұрған Көкшетау қаласын соңғы бірер жылдың бедерінде ағылшын тіліндегі атаулар жайлап кетті. БАҚ.

Posted in

ТАБАН ЖОЛЫНАН ТАЙМАДЫ

Алған бетінен қайтпады. ~ Қылмыскер деген екен, демек тек қылмыскер деп дәлелдеу керек, басқаша байлам – болашағыңа қойылған крест. Сондықтан табан жолынан таймайтын өлермен тергеуші өзі алдын ала кесіп-пішіп алған жорамалын дәлелдеу үшін айыпкерін қия бастырмай қақпайлап қуды да отырды. Т.Сәу

Posted in

ТАБАННЫҢ БҰДЫРЫ (БҮРІ) КЕТТІ (ТАЙДЫ)

Күш-қайраты кеміді. * Ішік киіп, тон жамылып дегендей, былайғы күпигені болмаса, баяғы қайраты қайтыңқырап, табанның бұдыры кетіңкіреп қалғанын, әсіресе, биыл қыста айқын аңғарды. Ә.Асқ. * – Қайтейін енді… Кәрілік келіп, табанның бүрі кете бастаған соң, ата жұрттың топырағы бұйырса деп тілеп едім… Ә.Асқ. ~ Халықтың «асыраушысы» һәм «жөн сілтеушісі» партияның табанының бүрі тайған соң, осы аппараттағылардың көбіндей бұл да сан соқтырған сарсаңға тап болды. А.Жұм.