Қазақи өлшем бірлігі, көбінесе "әжептәуір үлкен, жуан" д.м. қолданылады. ~ Және оның денесі түгел май. Майының қалыңдығы табан қарыс болады. Сүйегіне жабысқан бір елі ғана еті бар. Сол етінен сүйегін сылып тастағанда отыз-қырық кило май береді. С.Мұқ. ~ Осынша безендіруге бойы қысқарақ болар дегендей, аяғыма өкшесі табан қарыс шоңқайма етік тіктірді. С.Мұқ. ~ Басы да адамзаттың зоры жалпы жобасы үрген қарындай дерлік ол басқа біткен қалқан құлақтар, табан қарыс көздері піл сияқты, сығыр, мұрыны тары түйетін келідей жалпиған аузын төңіректеген еріндері бір-бір кесек ет, түбіттенгелі ұстара тигізбеген қара бұйра қалық сақалы, бетінің мұрнынан басқа жерін түгел жауып, төсіне өскен түгімен тұтасып кеткен. С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАБАНСЫЗДЫҚ ТАНЫТТЫ
Әлдебір қиындыққа шыдамады, жалтарып кетті. ~ Оның үстіне, редакциялық өнеріміздің жетерлік болмауынан илеуі қанбай, олпы-солпы болып қалған жәйіттер жоқ деп тіпті де айта алмаймыз», — деп дүдәмал оймен табансыздық танытып, күдік күмәнға жол беруінің өзі біраз мәселені аңғартса керек. Ж.Шәк.~ Рас шығар, әйтпесе бекерден-бекер айтпайды ғой. — Бауырының көңілін демдеп қойды. Алайда өзінің арғы жағы сонда да табансыздық танытып, — жарақат қалай түскен? — деді. Ә.Ыб.
ТАБАН СЕРЕ
Қазақы өлшем. ~ Жылқының қазысын өлшегенде пышақ сырты, қыл елі, жарты елі, шынашақ, бір елі, бармақ елі, екі елі, үш елі, төрт елі, сынық сүйем, табан сере деп талдайды. Қ.Сар. ~ Қазының да өлшемі бар. Әрине, сыртына қарап арық- семізін анықтаған ата-баба бірден қазы өлшемін дөп басып бағамдамаған болса керек. Десек те, шынтақ, елі, бармақ, екі елі, үш елі, сере (табан) деген қазыларды ажырата алған. Бүгінгінің көп жұрты осы бір өлшемдерді білмей, не шатастырып жаңылып жатады. Бұл өлшем адам саусақтарымен өлшенеді. Мысалы ең кішкентай саусақ шынашақ – «шынтақ қазы», сұқ саусағыңыз – «елі», бас бармақ – «бар-мақты», сұқ саусақ пен ортаншы сау-сақ – «екі елі», үш саусақ – «үш елі», төрт саусақ бірдей болса ол – «сере», яғни, «табан» қазы. Ж.Аман. (Ortalyq.kz)
ТАБАНЫ БҮРСІЗ (ДӘТІ ӘЛСІЗ)
Шыдамы жоқ, қайратсыз. ~ Олардың да табаны бүрсіз, самал қайдан соқса, солай қарай мұрнын тосып тыныстайды, күн қайдан шықса, солай қарай аузын ашып шуақтайды, яғни пайдалы жаққа бетін бұрады, енді ісі түспейтін жаққа бөксесін бұрады. Т.Қож. * Бәлікім, адамзат тарихындағы бұлғақ кезеңдерде өзіне- өзі қол жұмсап, жұмбақ жағдайда өлетін ұлылардың осылай бар сенімінен жұрдай боп айырылып, жүрегі бос қара қуысқа ғана айналған байғұстар шығар. Қарапайым пенде табаны бүрсіз, дәті әлсіз менен не күттің?! Ж.Шағ.
ТАБАН СЕРІППЕДІ
Орнынан қозғалмады. * Үш күн бойы табан серіппей оқ жаудырысқанда, бір қадам ілгері аттамай қан-қасапқа ұшырауда. Ә.Кек.
ТАБАНЫ ЖЕР ИІСКЕДІ
Жаяулатты, жер басып жүрді. ~ Абырой болғанда, Байшұбардың табаны жер иіскемей сып етіп қорғаң ішіне бір-ақ түсті ғой. А.Сей. ~ Бей жәннат жайлаудың тынысы – Дараның уысы, Өркешін бұлт шалып, табаны жер иіскеп, түйелер күйсейді сағымды. Бұлғынның көгінде айналып, жүрегім жүр ұшып, Таңбалы тастардан іздейді баяғы жоғалтқан балалық шағымды. С.Рах.
ТАБАН ТАЙДЫРДЫ
Орнын ауыстырды, қашты. ~ Ұлықтар сайлау жасай алмайтыны айдан айқын еді. Енді бөгелместен табан тайдырып, Семейге қарай жөнелу қажет. Тентек-ояздың соңғы Ояздық ықтияры сол ғана болды. М.Әу.
ТАБАНЫ ЖЕР ИІСКЕМЕДІ
Жаяу жүріп көрмеген, ерке бұлан д.м. ~ Табаны жерге тимеген, Маңдайы күнге күймеген, Тұлпардан өзгемінбеген, Құрмаласқан құдада, Құдаласқан досыма, Артығым кетті демеген. Мұрат Мөңкеұлы. ~ Табаны жерге тимеген, Мандайы күнге күймеген, Тұлпардан өзге мінбеген, Салқындыққа алқара күс тон киген, Салтанатқа салпы ерінді нар артып, Салқамдыққа жорғадан өзге мінбеген… Мұрат Мөңкеұлы. Зымырады, құстай ұшты, аяғы аяғына тимеді. ~ Аз жүрді ме, көп жүрді ме, білмейді. Аяғын сүйрете басып,ілбіп келе ме? Жоқ, бәлкім, табаны жер иіскемей үкідей ұшып келе жатқан шығар? – ол жағын бағамдайтын халде емес. Т.Сәу.
ТАБАН АЯҚ
Азғана, мардымсыз, жетер-жетпес. ~ Бас көтерер ер азаматтың бәрі майданға кетіп, мына жадағай қалған табан аяқ ауылда дәл осындай бригадир болып кім істей алады? С.Шайм. ~ − Екеуіңнің жолдарыңның қандай болатынын қазір көреміз, енді, — дейді бізге бұрылып қойып. — Егер тұзаққа кекілік түссе, ауыздарыңның салымы бар болғаны, түспесе, екеуіңнің де табан аяқ қу болғаның. Онда екеуіңді де қамшының астына алам, — деп күлді. С.Мұр.
ТАБАН ТІРЕДІ
Белгілі бір байламға келіп, соны ұстанды; шыдас берді, өз жолынан қайтпады. ~ Өз теңімнің ішінде Айтулыердің бірі едім. Жолбарыс қандай азулы аң, Тар тоғайда жолығып, Оған да табан тіредім. "Қамбар б." * «Өз қолыммен істеп жатқан жоқпын ғой, мейлі. Басқаға тоқтау салу міндетім емес» деді өзін алдарқатып. Тақуа боп, тәубаға келгеннен бергі табан тіреген философиясы. Т.Сәу. * Тек тәуекелге табан тіреген адамдарда ғана болатын тағдырдың салғанын сабырмен күткен шыдам бар. Ә.Нұрп. * Ал үстіндегі иесінің көңілі әлем-жәлем. Едіге өзін-өзі тежей алмай, өзінің өрт шарпыған сезімін үзілдікесілді тыйып тастап, мықтап бір байламға табан тірей алмай, пәрменде хал кешіп келеді. Ш.Айт. Келіп тоқтады, бас сұқты, қоныстанды, жайғасты, орнықты. * Жақсы ит өлігін көрсетпейді, өзімебұйырған ит тіршілікті итшілеп жүріп өткізермін әйтеуір деп жолдағы бөтен совхозға табан тіредім. Д.Досж. * Теміржол керуенсарайына кім келіп, кім кетпеген?! Сіз де, менің ойшыл оқырманым, дәм тартса келесіз бір. Сонда көресіз: ерсілі-қарсылы ағылған жұртты әр заманда, жылдың әр мезгілінде осында бас сұғып, табан тіреген әріптестерім деп ойлаңыз. С.Сағ. Табандылық танытты, қорған болды; қарсы тұра алды. * Ер басына күн туып, істі болғанда, серілікпен күнкешкен ақын табан тіреп барар адам табылмағанына, ұлықтардан бір жанашыры жоқтығына жаңа көзі жетіп, қатты налыды. С.Жүн. * Әйткенмен екі-үш айдан соң немістердің екпіні бәсең тартқандай. Қызыл Армия табан тіреп соғысып, жауға тойтарыс беріп, кейбір тұста шабуылға шыға бастады. Т.Сәу.
