Posted in

СЫРҒАҚ ЖАУЫН

Қыс бойы басып жатқан қалың қар тесіліп, жер беті алақаншықтаған, қарақатқақ, шыңылтыр көктемде жерге жаңбыр да емес, қар да емес, ұсақ түйірлі мұздақ жауатын күндері болады. Аспанды бұлт қаптаған соң аздаған желемік тұрады да, мұз түйірлер жерге сырғи түсіп, кедір-бұдырға барып тоқтайды. Қазақ халқы түскен жерінде қалмай сырғып барып тоқтайтын осы мұз түйіршіктерін «сырғақ, сырғақ жауын» деп атаған. Ж.Баб.

Posted in

СЫР БЕРДІ

Нашарлады; әлсіреді; әлсіздік танытты. * Әсіресе Ғалым мінген жирен бие сиыр түс болмай жатып-ақ сыр беріп, тұла бойы ақ көбіктеніп, терлей бастаған. К.Сег. * Шәлиғаның күземнен алған жүндерін боятып иіртті. Таупанға көкірекше тоқыды. Әйтеуір қыс та сыр берді-ау. Тап мұндай ұзын, мұндай қорқынышты, мұндай мағынасыз қыс Хадиша ес білгелі болмаған шығар-ау. С.Досж. * Кейбір салақ кісілердің бел ағашы борсыған мал қамайтын қоралары сыр беріп алды — топ етіп төбесі ойылып түсіп жатыр. О.Бөк. * Мына зор бітіміңізге, сексеннен асқан жасыңызға қарамастан босаңсып, қазіргі екеу ара әңгіменің үстінде тым тебіреніп, көз жасыңызды сүртіп, бір-екі рет сыр беріп алдыңыз. А.Жақс. * Әрі денсаулығы да ақауланып, сыр бере бастаған. Халифа Алтай.

Posted in

СЫРҒАҚ ЖҮРІС

Өзін жұрттан бөлек ұстап, көптен шет жүруге тырысты. ~ Мен білмен ұйымыңды, құйыныңды, Әлгі айтқан сырғақ жүріс сұйығыңды. Қорлықтан қолымызға ақау түскен, Сондықтан қазағымның күй мұңлы. БС. "Қожеке". ~ Сырғақтау жүрісіңді дейді сұйық, Пәлелік пікірің бар, ойың тұйық. Ел бұзып домбыраңмен жүрсің білем,Тыңдайтын себебі оны жұрттың ұйып. БС. "Қожеке". ~ Ақ жүрек әріптес аз бір қалыпты. Әркімде ақ жем қақтырар шырға мықты. Тік тұрар төбе шашың, жүрек айнып, Көргенде сырғақ жүріс зырлауықты. Е.Нүс.

Posted in

СЫР БЕРМЕДІ

Ойын жасыра білді; ішіндегісін бүгіп қалды. * Іштеріндегі мосқалдары ғана сыр берген жоқ. Ә.Кек. * Ақ тұлпардың құлақ түбі қоңырқай тартып тер білініп тұр. Кешегі бәйгеден кейін сыр бермей келе жатқаны… З.Шүк. * Жақсылығың өзіңдікі, тартып алмаймыз. Ал жаманнан құтылу әсте қиын.—«Қалайсың бұған?» дегендей көзілдірік астынан шақырайды. Жігіт сыр бермеді. М.Қаб. * Нияздың жеті ұлының біреуі Сегіздің әкесі Топы. Бірақ, есті жігіт Балпанның сөзіне намыстанып сыр берген жоқ. З.Шүк.

Posted in

СЫРҒАҚ СӨЙЛЕДІ

Турасын айтпай, жалтара сөйлеп, бойын аулақ ұстауға тырысты. ~ Соңынан қуған құрық сауырсына тиген қашағандай сырғақ сөйлеп, сырттап құтылып кететін бригадирдің мойны бұрыла алмады. І.Жанс. ~ Ребаконның да, өзінің де менімен сырғақ сөйлесуіне ңғайсызданғандай болды. С. Мұқ.

Posted in

СЫР БІЛДІРДІ

Түпкі ойынан хабар берді. * Жастың біреуі үсік колын шошайтып: – Оларды не белгісінен табуға болады? – деп сұрады. Бұл арада «болдомошын» кібіртіктеңкіреп қалды. Әйткенмен, сыр білдіргісі келмеді. Ж.Айм. * Қанша қиналып жатса да мұның көңіліне кірбің түсірмейін дей ме, қашанғы жаны сірі көнбіс дағдысымен сүйегіне қарысып, сыр білдірер емес. Т.Сәук. ~ Мойнымызға су кетіп, езіле бермейік! Сырт көзге сыр білдіріп ұнжыр-ғамызды түсірмейік. Болмаса мына дегбірлеп қалған бала-шаға, қатынқалаштың ес-ақылы шығып кетер. Жайраң қағып сергек аттанайық. С.Ғабб.

Posted in

СЫРҒАСЫ ТАЙДЫ

Ат оқыс жығылғаннан артқы аяғындағы сырға буыны орнынан қозғалып кетуі. ~ Атасы Қыдырханның үйінде жалғыз ат бар еді. Ол да жырғаған көлік емес. Жазда аяғын қорыққа тығып алып, сырғасы тайған коммунаның қой торысы. Әкесі ақыры осы торыға ер салып, Жарболды алдына алып тауға беттеді. Ж.Шәк.

Posted in

СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ ІЗДЕДІ

Шатақ шығарғысы келіп немесе әлдебір жөнсіз іске себеп іздеді. ~ Қамар тағы көрген соң баяғыдай бір жанды, бір күйді, қайтсін, амал бар ма?.. "Қарға" деген сөзіне қарсы тез мынаны жазып жеткіздірді. "Суға кеткен тал қармайды" деген ғой сыныққа сылтау іздемей амал бар ма?.. С.Тор. ~ — Ойбай-ау, төретайым-ау, сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұрт емес пе, маңайдағы ауылдар? Солар, мына марқаның аяғы буналуын сылтау ғып, ере түре келмесін қайдан білеміз? С.Мұқ. ~ Бұны естігенде, дұшпандар «шоқ-шоқ» деп табалайды, достар қынжылады, соның арты насырға шауып, «сыныққа сылтау іздеп отырғандар» жұртты желіктіреді. С.Мұқ. ~ Есей ондай тәуекелге бармаған. Арам ойы жүзеге аспай алтайыдан көз жазған аңшыдай өкінген Есей сыныққа сылтау іздеп, сол қарсаңда арақ ішуді бастады. Ө.Кәр. ~ Әлде хиуалықтар қолдарынан келгенін істей берсін, сыныққа сылтау іздеп отырған бізге осы жақсы, бір күні тәубесіне түсіреміз дей ме, әлде осы жаққа қайта- қайта қол аттандырып күші азая берсін дегені ме, кім білсін, әйтеуір ештеңе көріп білмегендей тым-тырыс жатып алды. О.Көш.

Posted in

СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ ТАППАДЫ

Қалай тиісерін білмеді, әлдебір жөнсіз әрекетке себеп таба алмады. ~ — Ойбай-ау, төретайым-ау, сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұрт емес пе, маңайдағы ауылдар? Солар, мына марқаның аяғы буналуын сылтау ғып, ере түре келмесін қайдан білеміз? С.Мұқ. ~ Олар да қанша үзіліп-сүзілгенімен Қамарға сөздерін тыңдата алмай, ақ болған қойдай түңіліп, ендігі бар мақсаттары: Қамарды қаралау үшін, сыныққа сылтау табу еді. С.Тор. ~ Жанжал араласса, бүліншілік болғаны ғой. Осы күні сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұртты қалай тоқтатамыз, — деді үшінші бір әйел. Ә. Шәр. ~ Әлденеге таңырқағандай басын сипағыш- тайтын әдетімен маңдайына саусағын апарып еді, іс қа- ғаздарына қол қойғанда жұққан сия тершіген шекесіне жағылды да, сыныққа сылтау таппай отырған Нұрбике күлкісін одан әрмен үдеткен. Ө.Кәр.

Posted in

СЫНЫҚТАН БАСҚАНЫҢ БӘРІ ЖҰҒАДЫ

Адамның не нәрсеге де еліктегіштігі хақында. ~ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас екен: осы сапарға дейін көк мылтықты көлденең ұстап көрмеген және мылтыққа қызыға қойман деп ойлайтын Самарқан, мылтық атқан Байжанға еремін деп, ойда жоқта атуға құмартып алды. С.Мұқ. ~ Ал қара баланың көзінше ұрсып-ұрсып қоя берейін десем, өзге болса бір сәрі, үміт артып, жұрт қараған белсендімнің өзі бас болып ұрлық жасаса, былайғыларға не жорық? Сынықтан басқаның бәрі жұғадының кері болып жүрмей ме? С.Шайм. ~ Қалай дегенде де Борис-досқа ішім жылиды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас. Бүкіл салт-дәстүрі, мәдени таным-түйсігі, ауыз әдебиеті ішкі, сыртқы ғажайыптарға сенуден тұратын қазақ ата баласының ортасында өсіп-жетілген елдің баласы ғой… С.Байх.