Тітіркенбей жұтты, обырдай тиді, қомағайлана ішті (көбінесе, араққа қатысты айтылады). * Ата-бабамызаузына татып алмаған арақ деген пәлеңді суша сіміретін болдық. Б.Алд.* Одан басқа сөз айтар халы жоқ. Судай сімірген спирт өзегін өртеп барады. Тынысы да бітеліп қалған сияқты дем алайын десе, өңеші өртенетіндей. С.Мұқ. ~ Өзге тамаққа да өлердей мешкей ту қойдың етін еңсеріп тастайды, сорпаны керсеңдеп ішеді, жуан бөлке нандар жұмырына жүк болмайды, арақты да судай сіміреді. С.Мұқ. ~ Әуелі қыздар дастарқан басына ұйлықты. Ештемеден қымсынар түрі жоқ. Қамшы салдырар кейіп танытпайды. Ішіп те жатыр, жеп те жатыр. Ал, арақ дегенді судай сімірді. Д.Ахм. Судай көлдетті. ~ «Жаным қалайсың? Жігіттер мейрамханаға шақырып, ауқаттанып алдым жаңа бірәзірде»,- деп өтірікті судай сімірді. А.Хам.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СУ ТАМЫЗБАДЫ
~ Жынжыма енді, берік бол. Бедіре, шәйнек, шынаяқтарыңды анау дарақы енең мүлде иемденіп алған ба? Дәндетпе, әрі! Жинап ал бәрін. Заман тарылды. Нәрсе қолға түспейді. Айрылма қолыңдағыдан, айрылма! Айырылсаң ез обалың өзіңе, су тамызбаймын… Ғ.Мұст.
СУДАЙ СІҢДІ (СІҢІСТІ)
Араласып кетті, ізін жоғалтты. * Гог-Магог поместьесінің құдай қарғаған түкпірі іспеттес елсіз қиынға судай сіңіп, ел бетін көрмей, жалғыз қалатын кезді қынжыла аңсады. А.См. * «Күлшелі бала сүймекке жақсы», оның бер жағында адамдармен тіл табысқыш, кез келген ортаға қас-қағымда судай сіңісіп кете барады. Қ.Жиен. * Жат ел, бөгде жердің босқыны болғандықтан ол жерде де қақты-түрткіні көп көрді. Діні бір болғанымен, тілі, ділі бөлек жат дұрттың ішіне судай сіңіп кете алмады." Т.Рыск. * … кімді қиратар дейсің, кімнің өртегенін кім зерттейді дейсің. Құмға құйған судай сіңді де кетті дей бер. С.Ом.
СУ ТЕГІН
Ақысыз, көк тиынсыз келген, тым арзан. ~ — Ел қалай? Күйлі ме? — Шаруа күйлі. Жұт болған жоқ.. Жалғыз-ақ, налог кезінде қысылды. Мал су тегін болды ғой… Ж.Айм. * Төгілдіріп дестелеп сөйлеп-сөйлеп келіп: «Әй, маубастар, сендерге су тегін ақыл айтамын, құлақтарыңа құйып алыңдар», — дейді төндіре түсіп. Балалар жамырап қоя береді. Д.Дос. ~ Негр аралы! Газеттер Негр аралы жайында өте көп жазды, бұрын оған әлде киножұлдыз ба, әлде Америка миллионері ме, әйтеуір біреу иелік еткен десіп жатты. Әрине, көп ретте бұл аралдар су тегінге сатылады — арал сатып алуға құштар адам көп емес. А.Крис.
СУДАЙ СІҢІП, БАЛДАЙ БАТТЫ
1. Барған жеріне жаға білді, бейімделіп, үйреністі. ~ Ұрлап келген малға «судай сіңіп, балдай батсын» деп бата береді. Ж.Баб. ~ Қыз балаға жат босағаны аттағаннан кейін сол түскен жеріне балдай батып, судай сіңу ғана парыз. Ж.Сәм. ~ Бір сәт әке-шешесі, бауырлары есіне түсіп, көңілі бұзылып кетті. Қой мұным не, мен бұл үйге бөтен адаммын ба? Қыз байғұсқа барған жеріне судай сіңіп, балдай батқанға не жетсін. Мынау өз ұясына ұқсас ұя секілді емес пе. К.Қаз. 2. Бойына дарыды. ~ Албастының айырмасы адамнан – Тек таяқ деп біледі екен әліпті. Олардың да жұтатыны оттегі, Іше алатын албасты да көп, тегі. Судай сіңіп, балдай батып ауамен, Олар қайда араласып кеткелі?! Ж.Жақ. ~ Ішкені судай сіңіп, балдай батты. Маңдайға бақ қонбайды жазылмаған, Ұзаққа хан дәурені созылмаған. Тік басып жүрген жанның жер бетінде … Н.Айт.
СУ ТИГЕН ТОРҒАЙДАЙ БҮРІСТІ
Бір уыс болып, құнысып, жиырылып қалды.* Жылқышыны былайырақ шығарып салып, қыздарының отау үйіне кіріп еді, бәйбішесі де осында екен. Су тиген торғайдай әр бұрышта бүрісіп, кетеуі кете сүртиіп отыр. О.Бөк.
СУДАЙ СІҢІП, ЖЕЛІМДЕЙ ЖҰҚТЫ
Жаңа ортада өз үйіндей сезініп, сіңісіп кетті. ~ Ол баста Лизаның әке-шешесіне судай сіңіп, желімдей жұғып, болашақ күйеу бала ретінде қабылданған Қараш қалыңдығы Алматыға ауысқалы бері нілдей бұзылған. Т.Әл.
СУ ТӨГІЛГІСІЗ ҚЫЛДЫ
Қиыннан қиыстырып, сенімді, еш күмән тумайтындай қылды. * Оның білмейтін әкімі де, сөйлеспеген адамы да, білмейтін заңы да жоқ. Соның бәрін көзімен көріп, қолымен ұстағандай, су төгілгісіз қыла, нандыра, жанын бере, орысшаны араарасына қыстыра сөйлейді. Ж.Айм.
СУДАЙ СІҢІП, ТАСТАЙ БАТТЫ
Жым-жылас болды, жоғалып кетті. * Қара тон не совхоз, не фермада судай сіңіп, тастай батты. М.Қаб. *Ардақты айттырып келген ешкім болмады. Салық төбесін қайтып көрсетпей, судай сіңіп, тастай батып алған. Түн жамылып бірер келіп кеткенін де білмейтін сияқты. О.Бөк. ~ Пахраддин есеңгіреп сәл тұрды. «Қасқыр!» деген ой сап етті басына. Сол-ақ екен, тұла бойы мұздап қоя берді. Сөйтсе, байғұс есек мана ақырамын деп басына пәлені шақырған екен ғой. Түу, атаңа нәлет, енді көрмегені осы еді! Балқия болса құрыды құм арасына тастай батып, судай сіңіп. С.Ел. ~ Он жылға кеткен Жаңгүдей Сібірге судай сіңіп, тастай батты да, Көкеміз керексіз болса да «керек» болып әлі жүріп жатыр. Қ.Ысқ. Жаңа түскен келіннің барған жеріне барынша ұнамды болып, өз үйіндей араласып, сіңісіп кетуі туралы. ~Өмірдің заңы солай, теңіз бен теңіз, адам мен адам қосылады. Барған жерінде судай сіңіп, тастай батып жатса, нағыз абырой сол емес пе? БАҚ.
СУ ТӨККІСІЗ (ТӨГІЛМЕС) ЖОРҒАДАЙ
Лыпыл қағып, құрдай жорғалап, жаныға қимылдады. * Отыз құл ақылдасты басты қосып, Өлеміз деп ойлады жаннан шошып. … Су төккісіз жорға боп шал жылмандап. Отыз құл мынау тек жан емес қой деп, Әлінше қызметінде жүр тырбандап. Абай. * Ендеше, ендігі сенделісі не? Әлде су төгілмес жорғадай лыпып тұрған алғашқы әсер сейіліп, боямасыз жұп өмір басталды ма? М.Қаб.
