Айтылған сөздің астарына үңілсек д.м. ~ Пакетті Бәйкен жіберіпті. Тез қайтыңдар дейді. Мен оған қыс түскенше бола тұрамыз, бітпей жатқан жүмыстар бар деп жаздым. Сөз сыңайына қарағанда, әлде біреулер арыз айтқан тәрізді… — Ноғайбек маған сынай қарап біраз тұрды. Б.Тоғ. ~ Соны Әуезов үйден оқып келіп, Байкенжинге пікір айтқан, кеңес берген; қашан, қалай және қайда қорғайтынын шешкен. Сөйтсе де сөз сыңайына қарағанда Әуезов Байкенжиннің бітірген ісіне онша риза емес. З.Қаб. ~ Ұлының қалжадай дәстерлеп көтеріп келген түшпарасынан да дәм татпай қайтарып тастап, ол аз болғандай: — Осыдан өле қалсам, әкеңе бір ауыз тіл тигізсең, мен көрде де тыныш жата алмаспын! — деп салды. Сөз сыңайына қарағанда шеше мен ұлдың арасында әке туралы бір гәп болса керек. Қ.Ысқ. ~ Сөзінің арасына кітаби лұғаттарды көп кірістіріп, аздап шағатай, татар тілдерін араластырғаны болмаса, бұл кісі де қазақша жатық сөйлейді екен. Сөз сыңайына қарағанда, Ешен– Сейіт қазаққа жақын, сүйегі — қожа, өзіміздің Түркістан төңірегінде өскен көрінеді. Қ.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗГЕ АЙНАЛДЫРДЫ
Көңілін әңгімеге аударды, алдарқатты. ~ Түк білмегенсіп, аңқаусып тұрғанына жыным келді, аямасқа бекіндім. Бекіндім де, сөзге айналдырып, жақауратып отырып, аурухананың алдына алып келдім. Ә.Тар. ~ Өткен аптада есігін жөндетіп алайын деп сақалы сепсиген біреуді сүйретіп келсе, сол сілімтік немесі сөзге айналдырып отырып, аяққа жағар спіртін қағып кетіпті. Д.Әш.
СӨЗ ТАЛАСТЫРДЫ
Салғыласты; дауласты, сөз жарыстырды. * – Мынау не дейді, әй? Кіммен сөз таластырып отыр? Қиғыр қылыш бір жарқ етсе. Сәлде қайда, басы қайда қалар. Р. От. * Жаулығын көпірте тартып, көрінгенге ақыл үйрететін ауылдың бәйбіше билері жұрт көзінше мұнымен сөз таластыруға сескенеді. Ж.Нәж. * … о бастан абырой-атақтары орайлас екі жігіттің ежелден емін-еркін тілдесіп, кейде сөз таластырып, бедел жарыстырып жүретінен хабардар … О.Сәрс.
СӨЗГЕ ЕРДІ
Біреудің сөзіне, өсегіне еріп, соның айтқанымен жүрді. ~ Ол бұрыннан Есүкей барымен анда-дос адам болғандықтан, Темүжін, Хасар екеуі де оны әкесіндей құрметтейтін еді. Бірақ Уаң хан Торы өсек сөзге еріп, ойына арамдық кірді. Ж.Шәк. ~ Мен бір өлең жазамын көз көргеннен, Туа жат боп, өзімнен өзгермеген. Календардан бұйырмас жалғыз парақ, Алып– қашпа ғаламда сөзге ергенмен… Т.Әл. ~ Мәмбетниязға айт, «келтегін тастап, телпегімен келсін. Құшағын айқара ашып, ашусыз келсін. Жел сөзге ермей келсін.» Тап осылай де. С.Дос.
СӨЗ ТИМЕЙДІ
Артынан өсек ермейді. * «Әкесі бар қыздарға сөз тимейді. Сөз алдымен саған тиеді. Үстіңнен бір жаман әңгіме естімейтін болайын. Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі серілік те, әйелдің жеңілдігі перілік саналады» дейтін ол. Ү.Жәл.
СӨЗГЕ ЖЫҒЫЛДЫ
Айтқан сөзді жөн тапты; айыбын мойындады. * Сөзге жығыла білген халықпыз. К.Сег. * Берік бұл сөзге жығылды да, бұрылып жүре берді. Б.Тоғ. * Бүгінгі жол кезіп бара жатқан бесеуіміздің қайсыбірімізге күндердің күнінде ісі түсуі де ғажап емес қой. Әйтпесе менің сөзіме жығылып, айып төлегеніне өзім де сене алмаймын-ау. К.Сег. ~ — Тақсыр, еркек адам бала таппаса, еркек қой қоздаушы ма еді? — дейді Қарашаш сұлу. Сонда хан сөзге жығылып: «Ой, тіліңді тәңір кессін!» — деген екен. Қаз. ерт.
СӨЗ ӨТПЕЙДІ
Өзіне қарсы айтылған сөздерге мән бермейтін, біреудің сынын елемейтін адам туралы. * Ауқымнан ауа жайылатындар мірдің оғындай ажуаға ұшырайды. Бірақ оларға сөз өтпейді. Т.Әл. ~ Жаманға оқ өтсе де — сөз өтпейді. Ғ.Мүс. ~ Есенейге екі нәрсе өтпейді: оқ өтпейді, сөз өтпейді. Ғ.Мүс.
СӨЗ ТІЗГІНІН ҰСТАДЫ
Әңгіме барысын өз қалауынша өрбітті. ~ Бұл отырыста сөз тізгінін ұстап, әңгімені өрбітіп отырған — Рамазан Шәнішев. Қ.Жұм. ~ Тыңдар құлақ бұныкі де, көбіне сөз тізгінін ұстап отырған Қосымхан. Т.Сәу. ~ …жасының жеткендігі де, белдің құяңы да емес, соңғы жылдары әкесінің орнына сөз тізгінін ұстаған Бекболат пен Абылай арасындағы қырбайлық болатын. Қ.Жұм.
СӨЗГЕ ЖЫҚТЫ
Сөзбен жеңіп, ыңғайына көндірді. ~ — Торғай да бұтаны қорғалайды. Сенің еліңе келіп елді ғой, қорғамайсың ба?-деп жеңіпті. Сөйтіп, Найман елін сөзге жығып, қайтыс болған адамның жарты құнын өндіріпті. Р.Кар.
СӨЗ ПАРҚЫН БІЛЕДІ (ТҮСІНЕДІ)
Сөз түсінеді. ~ Сағат өтпей жатып жаңалығының құны екі есеге кеміді. Ал прораб сөз парқын білетін жан. М.Қаб. ~ — Түу, түу, Құспан! Сөздің парқын білмейтін надан екенсің! С.См. ~ Сөз парқын түсіне білетін Сәлима күрсініп алды да: ─ Ана, Әспет дегенің кім? ─ деп сұрады. С.Шай. ~ Сөз парқын түсінетін Асқарбай осы бір хабар мына тұрған ана үшін, мынау жатқан дала үшін қандай қымбат екенін бар жүрегімен жаңа ұққандай болды. К.Қаз.
