Posted in

СІЛБУ ІЗ

Ілбиген, көмескі із. * Неге бүйтті? Оны өзі білген жоқ; бар білгені – соңына салған мына сілбу іздің қимылынан сөлекет бірдеңе сезе ме, қалай? Ә.Нұрп. ~ Айнала төңіректе көзге ілінер қарайған жоқ. Тек соңында шұбалаңдаған сілбу із әне бір тұста әлденеге ширығып, әрі-бері адыраңдаса да, ақырында о да сүлдері құрып, әлсіреп, аяғының астына жығылыпты. Ә.Нұрп. ~ Өмірден шаршаған адамның сүйретіп басқан сілбу ізі басқа емес, бұныкі… Және бұның өзін паш етіп тұр. Ізі – өзінен, өзі – ізінен аумайды. Ә.Нұрп.

Posted in

СИЫРДЫҢ БҮЙРЕГІНДЕЙ БЫТЫРАДЫ (БӨЛШЕКТЕНДІ, БӨЛЕКТЕНДІ)

Жөн-жосықсыз, тоз-тоз болып, жан-жаққа тарап кетті; батары қосылмады, беркесі кетті. ~ Бұл шашыранды қуат қанша күшейгенмен, еш уақытта тұтаса алмайды, сондықтан жағдайы келген бір замандарда, (ондай жағдайдың тумауы мүмкін емес), қазақша айтқанда Англия «сиырдың бүйрегіндей бытырап кете барады, ал Россия, жылқының бүйрегіндей тұтастығынан танбайды. С.Мұқ. ~ Адам атаулының мінезі жүдә бірдей емес — түзуі де, шәлкесі де бар; іскері де, жалқау да бар; елгезегі де, шаба да бар; солардың бәрін жинақы ұстамасаң, жүдә сиырдың бүйрегіндей бытыратып аласың; ендеше, елдің ақысын жеме, бірақ тәртіпті қатаң ұста» дедім. С.Мұқ. ~ Суырдайын күн кешіп әркім ойлап өз басын, Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын, Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ, Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын. М.Мақ. ~ Ошақтың үш бұтындай үшкіл, қазақ, Ел болып еңсе көтер, күш қыл, қазақ. Сиырдың бүйрегіндей бытырасаң, Қашанда көрер күнің мүшкіл, қазақ! Н,Айт. ~ «Өскеменнің пәлен жылын тойлаймыз» деген сөз әр он жыл сайын бір шығады. Осы әңгіменің шеті шықса болды, берекесі айрандай ұйып отырған қала жұрты сиырдың бүйрегіндей бөлектеніп шыға келеді. БАҚ.

Posted in

СІЛЕЙІП ТҰРЫП ҚАЛДЫ

Қорыққаннан не таң қалғаннан не істерін білмей, қақиып тұрып қалды. * Өзіне өзі жаны ашып бір сәт көзінен жас ыршып босаңси бастайды. Бірақ сол арада, ілезде, өзінің сілейіп бос тұрып қалғанын байқап, тағы қарманады. М.Әу. * Кәрі әйел дауыс салғанда басқа жұрттың бәрі тына қалды. Бір жан жақындап бара алмады. Тәңірберген де желбегей жамылған шапаны иінінен түсіп сілейіп тұрып қалғанды. Ә.Нұрп. * Мен көзімді жұма бердім де, аз сілейіп тұрып барып, қайта жанданып, бар екпініммен тебіне ілгері тарттым. Ж.Сәм.

Posted in

СИЫРШЫЛАП ҚАЛДЫ

Қозғалмады, отырып қалды. ~ Алдыңғы сөйлеген адамды қызыл жағалылар ұстаған соң басқалардың аузы жабылды, ешкім белсеніп шықпады, бәрі де сиыршылап қалды. Б.Қыд.

Posted in

СІЛЕКЕЙІ ШҰБЫРДЫ

Құмары оянды, қарны ашты, қатты қызықты. ~ Әкесінің бұл рахатын айтпай сезгендей, өзі де сусап тұрған Шоқанның аузынан сілекейі шұбыра қалды. Сондықтан Күлемістің: – Балам, саған ше? – деген сұрауына: – Әкеліңіз! – деген сап – берме, жауап қайырды. С.Мұқ. * Ақ тоқалдың аппақ жұмыр саны көз алдына елестеп, батырдың сілекейі шұбырды. С.Смат. * Қиғаш қас, мөлдір көзді арудың көрінбеуіне таң. Бала батыр да осы жаққа көп көз тіккен. «Тағы да бір жолығар ма еді, әттең!» деп сілекейі шұбырады. Ш.Құм. – Ендеше, жүр! Апа, қымызыңыздан құйып беріңізші, үйдегі келініңіз сіздің қымызыңыз турасында айтып ем, сілекейі шұбырды. Ш.Құм.

Posted in

СИЫРШЫЛАП ТҰРДЫ

Әрең, ырғала, ыңырана көтерілді. ~ Атты кісі Шұлғаудың Соқыры екен: – Бері кел! – деп айғай салды. Додай дауысты таныды. Орнынан сиыршылап әрең дегенде тұрып, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, Соқырға барды. Ж.Айм. ~ Орнынан сиыршылап тұрып, құлап кете жаздап барып, әрең жөнделіп кетті. С.Ом. ~ Сағатына қарай сала, сиыршылап Текеш те тұра бастады. Ә.Кек. ~ Той дастарқанының бірінші кезегін осылай тәмәмдап, сиыршылап орнымыздан тұра бастадық. К.Сег.

Posted in

СІЛЕМІ ШЫҚТЫ

Қурап, тозып, құр сүлдесі қалды. * Кей жылдары тіпті жаз ортасы аумай-ақ шаңдақ боп қуарып, сілемі шығып қалатын дермене, бозаң, жусан, көкпек өседі І.Есен.

Posted in

СИЯҒЫ ЖОҚ

Сапасы жоқ, нашар д.м. ~ – Төһ, сенің түсіңнің де түс сияғы жоқ екен. Қойдық қой енді бәрін де! Сөйлеуге шамаң келмей жатып, неменеге мені талқыға сала бересің?- деп Мерген орнынан тұрып кеткен. К.Сег. ~ Осында келіп жүретін адамдардың талайының аузынан: «Ой, шарабының шарап сияғы жоқ, құр су», – дегендерін талай естіген. С.Жүн.