Posted in

САМАРҚАУ ТАРТТЫ

Ешнәрсеге көңілі болмай, еңсесі түсті, қамықты.* Оның тіршілігін самарқау тарттырып тұрған тоқтық емес болатын. К.Сег. * Алғашында ел таңқалып жүрді, бірте- бірте көзі үйреніп кетті, өмір бойы осылай жазылып жүргендей жұрт бұл кері кеткен құбылысқа самарқау тартты. К.Хамз. * Жанға жайлы ақ жауынның жайбарақат әсерімен жайлаудағы қалың ел самарқау тартып, желідегі жылқы да, өрістегі қара мал мен қаптаған қойлар да бұйығулы. С.Ом.

Posted in

САНАМЕН САРҒАЙДЫ

Ауыр ойдан запы болды. * Сірә, көзі тіріде қасында қатар жүрген замандастар жанын ұқпағанда Тәңірі тумысынан артық жаратқан ұлы жандардың ақылдан азап шегіп, дүниеден санамен сарғайып пұшайман боп өтетіні содан ба? Ә.Нұрп. * … тіпті барша болашағын мөлшерлеуге шамасы жетпес бұлыңғыр санамен сарғайған кәрі-құртаң шал кемпірлердің жасты көздері артына қарай жалтақтап … Ғ.Біл.

Posted in

САМСАҒАН САРЫ ҚОЛ

Қарулы, саны мол әскер. * Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман, — деп Жұмабай шошыта сөйлегісі келеді. М.Әу. * Қой қайыра жұмсайтын баласы да жоқ, айқайласа дауысы шықпайды. Сөткенше болмай, қой дегені самсаған сары қолға айналыпты. Алдында Әбілхайыр… З.Шүк. * Қарақалпақтың хабарын алып келгендер, «самсаған сары қол » деп дабырайтқан. З.Шүк.

Posted in

САНАМЕН САРТША БАЙЫДЫ

Болар-болмасы белгісіз нәрседен дәметті, босқа үміттенді. ~ Санаммен сартша байып ішіндегі қалаға барған соң киетін асыл киімдерді олжаласам бір жыл киім іздемес едім деп қоямын. Б.Қыд.

Posted in

САМСОЗ БОЛДЫ

Жабырқау тартты. * Бірақ ол нанның ағылшыншасын айтып отырған жоқ қой, — деді Үй іші бір түрлі самсоз болды да қалды. Ғ.Қож.

Posted in

САНАСЫ ОЯНДЫ

Ақылы жетілді, көкірек көзі ашылды. ~ Сендер халықтың санасын ояту үшін еңбек етіп жүрсіңдер. Сендер айтқан келелі әңгімеден кейін, санасы оянған ағаларыңның бірі мен деп білерсіңдер, қарақтарым. Сол еді айтайын дегенім. Т.Әбд. ~ Жаралы большевикті жасырып, оған тамақ тасиды. Оны санасы оянғандықтан істемейді, «өзімдей бір байғұс қой» деп үғады. Ғ.Қаб.

Posted in

САН-САҚҚА ЖҮГІРТТІ (БӨЛІНДІ)

Неше түрлі болжам жасады, сан қилы ойға кетті. ~ Оның бұл мінезін қасындағы нөкерінің ертең қандай саққа жүгіртерін біле алмай, жұмсақ арқалыққа қайтадан шалқалап, көзін жұмып ап жатты да қойды. Ә.Кек. ~ Онымен кездесу сәтін сан саққа жүгіртіп көз алдына келтіруші еді. Д.Дос. ~ …өкінішке толы ойы он саққа бөлінгенде есік серпіле ашылып, емдеуші дәрігер Орынбай кіріп келді. Қ.Түм.

Posted in

САНАСЫ ӨСТІ

Ақыл-ойы дамыды, дүниетанымы кеңейді. ~ Феодализм үстемдік құрған кездегі бұл сияқты діни фанатизм, қазіргі санасы өскен социалистік қоғам адамы үшін маңғысыз жағдай. Бірақ, мәселе, оның «әулиелігінде» емес, өз заманындағы белгілі ақын, әрі шешен, ақыл иесі адам болуында. С.Мұқ.

Posted in

САН АЛУАН

Неше түрлі. ~ Несін сұрайсың?-Дәмелі сан алуан жаңалыққа кәнігі болған ыңғай танытты. С.Ом. ~ Жүсіп-Иосиф Гербурт қазақ арасындағы сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп екенін бұрыннан білетін. І.Ес.