Түр-тұлғасы қол тоқпақтай болса да сөзге орынсыз килігіп, қыдыңдап, шікіреңдей берген адамға қатысты айтылады. ~ Отағасы бұдан соң қарсы алдында шегірткенің айғырындай кеудесін көтеріп, тылтиып айбат көрсетіп тұрған бәкене жігіттің иегін алақанының сыртымен бір сипап өтті де – Өй, иттің күшігі-ай… – деп жекіріп қойды. О.Сәрс. ~ Жаңа «шегірткенің айғырындай неме не істей қояр дейсің» деп арқасын кеңге салып, әрі «жай қоқаң-лоққы шығар, салып алуға дәті бармас» деп, онша сескене қоймаған. Т.Сәу. ~ Ашумен айтқан шығар, жаздым- жаңылдым деп, тіл тигізгеніне кешірім сұрар деп еді: – Шегірткенің айғырындай шәңкілдемей кет әрі! Құлағымды сасытпа! – деді Көбей. Ә.Асқ.
