1. Зәресі ұша қорықты. * Ол жақтың да байлары шоқ басқандай болып жүр деп естимін. Енді туған жерді тастап, шекарадан өту ғана қалды. Б.Тоғ. * – Мен не айтайын, Мұха, – деп Байкенжин шоқ басқандай, бұйығы қалпынан əдеттен тыс тез оянып, шұғыл серпіліп, теңселіп кетті. З.Қабд. * Басын жерден көтеріп алып, өзін атқан генерал-губернаторға өрттей жанған жанарымен жалын шашақарағанда ол: "Өй, мынау қайтеді? Өткір көзі өңмеңнен өтті ғой" деп шоқ басқандай шошыпты. С.Досан. ~ Сөйтіп жатып көзі ілініп кеткен-ді. Әлдененің тыпыр-тыпыр еткенін, Естігенде шоқ басқандай есі шығып, Ата тұрып белден асып кеткен-ді. С.Бая. ~ Жайбарақат келе жатқан тор ат бір кезде оқыс осқырынып қап, шоқ басып алғандай шоршып, жалт бұрылып ала қашты. Ү.Жәл. ~ . Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. Ақан атын естігенде, біреу астына шоқ басып алғандай, басын оқыс жұлып алды. С.Жүн. 2. Қызарып кетті, ысып кетті. * Еламан тыныш жүрегі дүрсілдеп қатты-қатты соғып кеткенін байқады. Құлағының ұшы кенет шоқ басқандай дуылдап бара жатқанын байқағанда, ол: «әй, осы әдетім-ақ жаман…» -д еп қынжылды. Ә.Нұрп. * Күн тас төбеге өрмелеп желкені шоқ басқандай күйдіре түседі. Д.Досж.
