Posted in

ШҮЛЕН ТАРАТТЫ

Аса байып кеткен адамдардың немесе бір себептермен құдайы деп елге көмек не мырзалық көрсеткісі келген адамдардың арасында кездесетін өз меншігіндегі мал- дүниені таратуды «шүлен тарату» деп атайды. Ағайын алыс-жақын туыстың тілек етуімен немесе бір атақты іс бітіргенде, немесе жақсы бір атаққа қалғысы келгенде де дәулетті адамдар өз ықтиярымен шүлен таратады. ("Қазақ құқығы"). * Хан біраз ойланып отырғаннан кейін уәзірлеріне: – Шырақтарым, егер сендер олай десеңдер жеті күн той жасап, елге шүлен таратыңдар. ҚЕ. * Ақбоз атпен сыпыртқан біреу асқан сақауаттықпен «Сен Сартжан, көкті мін», «Жомарт, сен Қараманның шұбарын ұста» деп жұртқа ат үлестіріп, шүлен тарқатып жатыр. Б.Қыд. * Өзінің жетпіс жылдығында салтанатты қабылдау ұйымдастырып, халық мүлкін келгендерге шүлен қылып таратты… Т.Сәу. * Уәзір тойы басталды дегенге жас демей, кәрі демей халықтар жер¬жерден, түкпір-түкпірден жиналды. Уәзірлер хан айтқандай елдерге шүлен таратады. ҚЕ. * Хан уәзірлерінің сәлемін алып: «Я, уәзірлерім тойларың қалай өтті», – деді күлімдеп. – Я, тақсыр, жеті күндей той жасап, елге шүлен тараттық. Өте жақсы өтті, енді сіздің жарты хандығыңыз біздікі болмақ. ҚЕ. * – Оттапсың. Өйтетіндей ол кемпір-шал сенің екі туып бір қалғаның ба еді? – Ит-ай, туыс емес пе, бәріңе. – Әкем болса да Кеңестер Одағының сүтін шүлен тарата алмаймын. Н.Дәутай.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *