Біреуде кеткен ақысы; ішін өртеген өшпенділігі бар д.м. * Ақымақ болмаса қаншалықты ұзында өші, қысқада кегі бар ала алмай жүрген? Ғ.Біл. * … жаралы жолбарыстай жиырылып, «ұзында өшін, қысқада кегін» кімнен аларын білмей, сол бір аласапыран кезеңде біресе іштен, біресе сырттан жау іздеген елді аман қалдыру қиынның қиыны болатын. Ж.Түйм. * «Қу жалғыз маған енді жоқ. Ұзында өштігі, қысқада кектігі жоқ ағайынның қысқа күнде қырық рет қырқысар есерлігі үшін сабақ болсын, қанға – қан! К.Сег. ~ Еркенің көлденең аққан суын шаба ма? Жағасындағы ағашын шаба ма? Ұзында өшті, қысқада кекті қадаған жауын шабады. Жауы кім? — Сені мен мен. М.Әу. ~ Ашуы да тез. Ұзында өші, қысқада кегі жоқ жас қызметкеріне жаңа орынсыз шүйілді. М.Қаб. ~ Елмісің, жаумысың?! Жусап жатқан жылқымды бөле қуардай ұзында өштігің, қысқада кектігің бар ма еді? Айт қане! К.Сег. ~ Жеткен бойда тордың шырма-шату шарбағынан қос қолдап ұстай алды да, көтере беріп, ұзыннан өші, қысқадан кегі кеткендей столға түбінен түйіп қалды. М.Қаб. ~ – Ойбүй, қараұл-ай, аңқаусың-ау! Қасқырдың сыры алласына мәлім. Нысаннан жай кетсең қайтеді. – Оның менде ұзыннан өші, қысқадан кегі бар ма. Ит үреді, керуен көшеді. Қояды да жалығып. Ө.Кәр.
