Қыстың қақаған аязды кездері; сұрапыл, адам төзгісіз ауыр жағдай. ~ Асқақтап тұр әлемге биік қарап. Тұтасқан ақ қар, көк мұз секілді үсті. Ақ сүңгі, көк найзадан жиып жарақ. С.Мәу. ~ Досмағанбет Ә. қаласындағы темір торлы терезеге жыл жарымдай телміріп, содан соң түсінде көрмеген тундраның ақ қар, көк мұзынан бір-ақ шыққан. Н.Дәу. ~ Есбергеннің айтуынша, ғинуарда қарызға көтермеге борыштанып алған пұл, шайды жаңағы саудагерлер қырға, қазақ ортасына қысқы ақ қар, көк мұзда бейнет кешіп, алып барады екен. М.Әу. ~ Киімі жұқалау. Бірақ үсімес. Әкең ақ қар, көк мұзда жалаңаш қол жүріп ұрлық жасайтын. Өлмейсің. Мөңке, ұлым, абұйырлы қайт. С.Жүн. ~ … көп ұзамай, бұ да әке қасынан орын алады; арқасындағы жүгін апаратын жеріне жеткізе алмай, жарты жолда зорығып жығылған кіреші көлігіндей, ақ қар, көк мұзда өлі мен тірі арасында титықтап жатыр. Ә.Нұрп.
