Posted in

БАЗ (БАҒЗЫ) БІРЕУ

Әлдебір адам, көлденең біреу, әлде біреу. ~ Иттің үргенінің бәрі ұрсып – боқтағаны емес шығар. Бәлкім, Айды жақсы көргеннен шәуілдейтін шығар. Өйткені баз біреуі шәуілдің соның қыңсылап, еркелегендей, Ай арқасынан сипалағандай ыңырсып барып бітіреді. Қ.Ысқ. ~ Арақ дегенді әркім әр түрлі ішеді. Бұл “тентек су”— ауызына тигенде әркім өзінше жаңа мінез ашады Біреу көпіріп, лепіріп кетеді. Біреу, керісінше, тілім жұтқандай тым-тырыс дыбыссыз монтаны күйге түседі. Баз біреу бурадай шабынып, екі иығын жұлып жеп құтырынып шыға келеді. С.Ел. ~ Осы ойлар жанына батса да, сыртқа сездірмеді. Бақ-талайынан көрер. Баз біреулердің қызы бөтен ұлттың баласын бағып, түтінін түтетіп жатыр деп естиді. Ү.Жлк.~ Баз біреулер жазып жүргендей майда-шүйде емес, біреуден өш алудың ауылы да алыс, нағыз бүгінгі күннің проблемасы. С.Им. ~ Тіпті алыпсатарлар да кездеседі. Олардың кейбіреуінде сататын құлдары бір екеуден болса, баз біреулерінде жиырма-отыздан асады. АҚ “Арпалыспен өткен …” ~ … «япырмай, шынында да мынау — шаруаға әбден мойынұсынған жігіт болды, бағзы біреу басшылардың көзіне көрінгісі келіп көлбеңдеп жүрер еді» — деп, парторгтың да іші жылып қалған. Б.Тоғ.