Posted in

БАСЫНА БӘЛЕ ТІЛЕП АЛДЫ (ШАҚЫРДЫ)

Әлдебір ісінің не сөзінің қырсығы тиді; өзінің ойланбай істеген ісі қиын жағдайға әкеп соқтырды. ~ Өзiнiң iшкi есебiнше‚ Шiлмән қалыңмал даулап‚ ауданға бара алмайды. Барса‚ басына бәле тiлеп алады. Б.Алд. ~ Азаматтың қазасы ауыр екенін, артында кек қалатынымен Тықы есептескен жоқ. Басына бәле тілеп алғанын әлі түсініп жүрген жоқ. З.Шүк. ~ Екеуі осылай жынды адамша таң бозарғанша әңгіме соғады. Ақыры басына бәле тілеп алған Сәкен қасқырды өлтірмей құтылмасын біліп, қаны шын қараяды. Т.Әбд. ~ “Көп дем ала берсек, үйге қайта алмай қаламыз, түнгі жол ауыр болады”, – деп Мұнарбек күйіп– пісіп жүр. Басына бәле тілеп, мені ертіп шыққанына ол да өкінетін сияқты, оның да қиналысын түсінемін. Өзі анау жалама құздарда тастан тасқа секірген таутекеден аумайды. Ә.Асқ. .~ Қой деймін, кәрі бура, қой енді, басыңа бәле шақырма! Ғ.Мүс. ~ Еркек мінезді, қызу сөйлейтін Құнияз кезек күтпей, үзілді-кесілді жауап қайтарды. -— Сибан бұған түк те айтпайды! Қайдан шықса одан шықсын, бұларың Сибанның басына бәле шақырайын деген жерден шыққан сөз. Өрт сағынғанның өз үйі өртенсін! Бәле іздегеннің бәле өз басына келсін!— деді. Ғ.Мүс.