Posted in

БАСЫ ҚАҢҒЫРДЫ

а) Басы зеңіп ауырды. ~ Япырмай, көрші-ай, не қылды? Бас ауырды, қаңғырды. Құлағын басып жалынды, Қойғыза көр деп құрғырды. Абай. ~ Асқар жаңбыр басталғалы бері сүйек сүйегі сырқырап, басы қаңғырып, мазасы болмай жүрген. Т.Әбд. ~ Басы қаңғырып, көзі құрғыр аштырмай, біреу ұрып–соғып тастағаннан бетер тұла бойы дел–сал болып, қалжырап тұрды. Т.Әбд.

ә) Мәңгі болды; не істерін білмей дал болды; далада қалды. ~ Бұ күнде қолдан күш кетіп, азамат басына күн туып, қазақтың басы қаңғырып, не болары белгісіз екенін сарнап, сары даланы басына көтеріп, күңіренді. Ж.Айм. ~ «Байдың қатыны өлсе төсегі жаңғырады, жарлының қатыны өлсе басы қаңғырады» дейді. С.Мұқ. ~ Атам бір қайтты дүниеден, Бес жаста жетім қалдырды, Басыма қайғы салдырды. Анам көрді жесірлік, Өзім көрдім жетімдік, Сүйтіп басым қаңғырды. Қашаған жырау ~ …егер жаза басса, өмірінің аяғына дейін басы қаңғырып өтеді, адам бір-ақ рет қателеседі… М.Қаб.