Posted in

БЕТІНЕН (БЕТТЕН) АЛДЫ

Қарсы келді, ожар мінез көрсетті. ~ Қарамастан қайғыға ұрған көзге, Үлкен жолдың үстінде тұрған кезде, – Беттен алды кетіріп берекені, Есіп есер суық жел қырдан кезбе. А.Әлім. ~ Сосын шешесінің осынау өкімет өкілінің бетінен алып, талауын қалай қайтарып тастайтынын да, сол арадағы ұлына, Павелге өктем пішінмен, жаны ауырып қарайтынын да анық көрді… В. Рас. ~ Өзім де қатып кеткендей қатты елірдім бүгін. Ерлан, Мұрат ағайлардың бетінен алыппын. Қасен, Семейхандарды алдадым. Білгенімді істеппін. М.Қаб. ~ Қ а д ы р ж а п. Әй, сен үлкендердің бетінен алма. О несі-ай… Бригада, бригада деп қайдағы бір жоқ нәрсені… Т.Ахт. ~ Ең сүйгені мектеп еді, шәкірттері беттен алып тұрса онда қалай қала алады? Қара жұмыстың өзіне түспесе тыныштық жоқ сияқты. Ғ.Мұст. ~ Батырхан: «Бiр сөз айтсаң арс етiп беттен алған, қатыннан ұяты жоқ сақта құдай!» деген өзi бiлмейтiн, танымайтын дана ақынның мәтел боп кеткен сөзiн есiне түсiрдi. Р.Рай. ~ Жай табан етігін қонышынан басып, жаман тымағын қисайта киіп, іш ауру болған адамдай көзі тікірейіп, Шегір алдыңнан шығады. — Е, ылау жалғыз маған міндет пе екен? Жектір басқадан,- деп ол орындаушыны беттен ала түседі. Б.Май.