Posted in

БЕТІН АШТЫ

а) Жаңа түскен келіннің беташар рәсімін жасады. ~ …Шәйіні әкелген топ Екі Ашаға түнделете жетті. Ондағылар күтіп отыр екен, Тазабектің бес-алты үйлі туысқаны үй ішіне әп-сәтте толды да кетті. Шашуларын шашып, келіннің бетін ашты. Қалиша: — А, құдай, келінімнің қадамын құтты қыла көр! — деді көзіне жас ала Шәйіні құшақтап. Б.Нұр.
ә) Әлдебір беймәлім жағдай туралы шындықты айтты, жария етті. ~ Шағи баласын көтеріп, Боранқұлды ертіп үйіне қайтқан жол үстінде-ақ саудырлап талай сырдың бетін ашып тастады. Ғ.Біл. ~ Абыз ақсақал өзінің саналы ғұмыры жайында көп нәрсенің бетін ашты. Қ.Бег. ~ Кәрім ентігін басқандай болып азғантай отырған соң, тағы біраз шындықтың бетін ашты. Б.Тоғ.
б) Пәктігін бұзды. ~ Ертеңіне барып ЗАГС-ке жазылдық. Апырмай! Жақсы болған екен! – Несін айтасың!.. Айтпақшы «ЗАГС» дегеннен шығады-ау. Жазылуға барсақ, баяғы менің бетімді ашатын қара мұрт орыс сонда қызмет қылады екен. Ж.Айм.~ Кімім бар осыдан басқа? Екі баласын шырылдатып, әйелін жылатып, мен үшін екіге жарылып жүр емес пе? Бекбол емес пе, тұңғыш бетімді ашқан? Ол болмаса, қауызым жарылмай, тұл кетер ме едім!? Кім біледі! Сол байы құрғыр жолықпай ма!? Ж.Әбд-а. ~ Әңгімені бықсытып жүрген Төкеннің өзі. Ішіп алғанда: «Өтірік айтсам, өліп кетейін. Қыз екен. Үш жыл еркектің
қасында жатты дегенге кім сенеді. Өзім бетін аштым!» деп, сол түнгі жігітшілігін әржерде айтып мақтанатын көрінеді. Т.Сәу.
в) Ойын жеткізді, жөнін айтты. ~ Аяғында, қыз сөзінің көбі Оспанның үмітін әбден нығайтқан соң, қырдағы мүсіні тәуір әйелдің бәріне істеп жүрген дағдылы машығына салып, төре белгілі тілек айтуға ауысты. Көптен қалжыңмен жағалатып айтып отырған сөзінің бетін ашты. М.Әу.