а) Салт-ғұрып бойынша әйелдің өлген жақынын жоқтағанда дауыс салып, зарлап жасайтын әрекеті. ~ Қара қағаздың айтқаны рас деді. Менен жарты сағат бұрын өлді. Тура осылай, көз алдымда жатып жан тапсырды деді. Орақтың апасы бетін жыртып, дауыс салып қоя берді. М.Мағ. ~ Бәйбіше, тоқалы бет жыртып, дауыс салып жылағаны, Қыпшақбоздың қасиет, мәртебесін өлеңге қосып, жоқтағаны естіген елдің көкірегінде тұнып қалды. А.Кем. ~ Үйдің сыртына лақтырылған көкпарды байқамаған Зағипа дауыс сап қоя берді. Артынша бетін жыртып тастады. Зейнел- Нәби жалма- жан атына мініп, шаба жөнелді. Т.Әл. ~ Екі бірдей боздағынан айрылған кейуана бетін жыртып шашын жұлып, жер тырналап жатыр екен. Б.Тоғ.~ Анна апа жан жолдасын қара жамылып, көп жоқтады; қазақтың қатындарындай бетін жыртып, шашын жайып жырлаған жоқ, үнсіз егілді. М.Қаб.
ә) Дау-дамай шығарып, күш көрсетті, жүз шайысты; біреуге көңіліне келетін сөз айтты, бетін қайтарды. ~ Шырағым, бала басыңнан болайын деп тұрған жігіт екенсің. Бірақ елдің өсегін жинап әкеліп, менің бетімді жыртқаның, маған ұнап отырған жоқ. Ә.Шәр. ~ Бүгінгі игі жақсыны ауылыңа жиып алып, осылайша басқа соқ! Абыройын төк! Бет жырт, уә, перде жырт! Балаға да, малшы-жалшыға да құрық бер!.. Бұза бер!— деп, қолын бір-ақ сілікті. М.Әу. ~ Мен білем, сен ешкімнің бетін жыртқың келмейді. Сенің маған «Өзім білемің» көп дегенің сияқты, сенде жақсы көру сезімі көп, ал жек көру сезімі жоқ. Анау – құның болса, мынау – мінің. Соны білемісің сен? З.Қаб.
б) Әйелдердің біреуге таң қалып, я табалап, “Ұят-ай!” деп, бетін шымшуы. ~ Аласа бойлы қартаң әйел қолындағы ұршығын жол-жөнекей иірген бойымен келіп тұра қалып, бетін жыртып, аузын сылп еткізді: «Сұмдық-ау, мына Күреңбайға не болған, іс-міс жоқ қайда кеткелі жатыр!» С.Ом. ~ Ауылдың қатындары Торғын велосипедке мінген сайын бетін жыртатын. «Қанша бастық болса да қыз баланы шайтанарбада селкілдетіп қойғаны несі? К.Қаз.
