Posted in

БЕТ МОНШАҒЫ ҮЗІЛДІ (ҮЗІЛМЕГЕН, үзілердей)

Иба сақтады, именді, ұяты бетіне шықты. ~ – Қой, құрсын! – деді Бәйтен ыңғайсызданып. – Мына тұрысымыз келісіп тұрған жоқ, – Масқара болмай тұрғанда кетейік. – Тоқтай тұрсайшы. Сенің – ақ бет моншағың үзіледі де тұрады екен. Т.Әбд. ~ Жамалдың жауырыны аспанға шығып, бет моншағы үзіліп, суға мөлиеді. М.Қаб. ~ Не, тасысын!.. Бет моншағы үзіліп бара жатса, ана тентек қайным құсап, бір шөпжелкені әкелмей ме мөтеңдетіп. С.Ас. ~ Ұятты нәрседен бет моншағы үзілген, періштеден де таза коммунистер тіпті «мұндайларға арамызда орын жоқ, партбилетін столға қойсын!» деп айғайлаған. Т.Сәук. ~ Шалың тор шолақты сабалап ұзай берді. Қызбалтай, Қызбалтай… Беттен алып, төске шауып тұрған Қызбалтай… Бет моншағы үзілген Ақтамақ… Н.Дәу. ~ Қаншама ер жетті дегенмен, бет моншағың үзілмеген жассың ғой, сондықтан ойыңа алған ісіңе батылдығың жете бермейді. С. Мұқ. ~ Неғыпты, алдын орамас, бетінен ұят қызылы жойылмаған, бет моншағы үзілердей уылжып піскен қарақаттай қарағым екен; құдай пендесін өлтірсін бе, бұған да, өзіме де малтабар кәсіп керек деп тоқтайды бұл көкең. Д.Дос.