а) Жауынан басым тұрды, шақ келтірмеді. ~ Бұл мыңдаған жылдар бойы Еуразияның даласын дүбірлеткен, қандай жау болса да, бет қаратпай жеңген көшпенділердің ең әйгілі тактикасы. Т.Әс. ~ Қылыштасса – қылышқа мықты. Найзаласса – найзаға мықты. Садақ атысқанда да бет қаратпайды. Т.Әс. ~ Көкемнің бойына әлдеқандай күш құйылғандай құлшынып шыға келді. Әлгілерді бет қаратпай шетінен сулатып жүр. Б.Мом.
ә) Сұс көрсетіп, елдің мысын басатын адуынды мінез туралы. ~ Оның үстiне, осы өңiрге «Ақ дегенi – алғыс, қара дегенi қарғыс», тiрi жанға бет қаратпай тұрған Қамбар төремен бажа болуды қай есепшiл қазақ ұмытар дейсiң. К.Сег. ~ Нағашым ешкімді бет қаратпайтын, айналасын айбармен меңдеп алған, өркөкіректеу көрінді. Б.Мом. ~ “Осы саған не көрінді, аяқ астынан шалыққа ұшырадың ба?!” – десе, одан жаман бажылдап, бет қаратпайды. О.Сәрс.
б) Сөзге құлақ аспады, ешкімге дес бермеді. ~ Қабарып отырған түрі одан бетер қабарып, тұтқындалғандар мен қоршалғандар туралы мағлұматтарды естігенде түтігіп кетті: «Кеш қалдық. Кешіктік. Енді ол бет қаратпайды, сөз өтпейді. Тастүйін бекініп алды. Шарасызбын», – деді де иығына салған қолымның сыртынан сипады. Т.Жұрт. ~ Осы сөзді естігенде, манадан бері өлеңі өрге домалап, бет қаратпай отырған Дәмелі: – Япыр- ай, қай дұшпаным жеткізді екен, – деп еңіреп жіберіп, үйден шыға жөнеліпті. Қ.Жұм.
в) Бетке соққан жел, боран, ызғар туралы. ~ Боран бет қаратпай қарсы ұрып тұрғанда, қайдан ден қояйын оларға. Т.Рыск.
