Жүзі, кескін-келбеті, тұрқы. ~ Апырай, әйелдері дәл мынандай өңшең бір жалпақ бет сығыр көз жылтыр қаралардың ішінен өз күйеулерін қалай танып алады екен? Бет әлпеттері башқұрттарға қарағанда да тым бір өңкейлеу. Ә.Кек. ~ Өзі аумаған әкесі болатын. Үлкен ала көзі, қоңқақ мұрны мен иегіне дейін құйып қойғандай–ау, құйып қойғандай. Аяғы алысқа түсіп кеткен күйеуін сағынғанда Кенжекей істеп жатқан шаруасын қоя сап, осы баласының әкесіне қатты ұқсайтын бет әлпетіне телміріп қарап қалады. Ә.Нұрп. ~ Астапыралла! Ауланың бақшаға жалғасатын шетінде тұрмын… Мен. Жоқ, маған бет әлпеті, түр тұрпаты сойып қаптап қойғандай ұқсайтын біреу. Мен – ол екенмін де, ол – мен секілді. Ептеп басып, қасына таядым. Күлімсірей қарайды… менің өзім. Д.Қуат.
