Posted in

БОЙЫН (БОЙ) ТАРТТЫ

а) Өзін біреуден не бірдеңеден аулақ ұстады, қашқақтады. ~ Алаңымыз – ағаның алыста жүргені. Енді еліне жат бауыр болып кете қоймас. Бірақ, бой тарта саяқ кеткені алаш рухты азаматтың бар екенін сезініп жүруі тиіс еліне қиянат сияқты. Т.Жұрт. ~ Жас екен елу бес те ескергендей, Бой тартып жамандықтан сескенгендей. Ағалар жас күнінде көрген қызық, Ұйықтап тар төсекте түс көргендей. Сегіз Сері. ~ Енді біреулері мінезі ойда жоқта күрт өзгеріп мынадай қатты қимылға барған жас мұғалімнен бой тартып секем алғандай. Ш.Рах. Әлдебір істен өзін тежеді, бойын аулақ салды. ~ Басшы сыналып айналасындағы адамдар әшкере болып, кейбірі қылмысқа тартыла бастағанда бұл да бойын тартып қалған. Б.Тоғ. ~ Бұл жолы ол қалада дүкен ұстап отырған бай достары Темірке мен Ебейсіннің үйіне түскен жоқ. Тіпті оларға хабарласпады. Бұрынғы достарынан бойын тартқан салқындық бар. Ә.Нұрп. ~ … өзінің осы біртоға қалпын бұзғысы келмеді, сөйлемейтін «клиенттермен» тыныштықта жұмыс істеп үйренгендіктен әңгімеден бойын тартып ұстайды. Ж.Шам. ~ Онымен тең жан енді қайтып тумастай, жарық жалған дүниеден табылмастай еді. Бірақ Ақтоты сол ыстық оттан бойын тартып, бұдан былай бірін – бірі құрметтеген сыйластыққа ауғысы бар. Т.Рыск.
ә) Өзін-өзі тежеді, тартыншақтады. ~ Сөйткен қадірменді ашық-жарқын, ақ кеңіл қарындасына іштегі сырын лақ еткізіп баяндағысы-ақ келетін. Бірақ ретін таба алмай, бой тартып, ойын тежейтін де, кейін бір қисыны келгенде көрермін деп ойлайтын. М.Әбд. ~ Бүгін төсекке жатқаннан кейін де, шырмауықтай оратыла кететін күндегі қызу құштарлықтан бой тартып, салқын сабыр танытты. Қ.Жұм.
б) Өсіп, өркендеді, бой көтерді, тамыр жайды. ~ … жан баласының аяғы тимеген сар даланың ақ шөбі мен кемпір шаштары жайқалып тұр, сарбалақ сексеуілдері ормандай бой тартып күздің белгісін байқатқандай бүрлері сарқуаң тартып қалғандай білінеді. Б.Жұм. ~ Осыдан екі жыл бұрын тас жолдың екі жағына мектеп оқушылары отырғызған жас теректер де бұл күндерде бой тартып, көзге ыстық көрінеді. С.Мұр. ~ Гүлдің өмірі де, қыздық дәуреннің де қысқа екені белгілі… оның бой тартып өсуі де, жан- жағына шашар жұпар исі де, көптің көз қуанышына айналар бақытты шағы да осы қысқа уақыт ішінде болатын. О.Көш.