Posted in

ЖАН БАҚТЫ

а) Күнкөрістің, тамақ асыраудың қамынан аса алмады. ~ … қымыз құйған мес секілді бегі де, жантайып жатып жан баққан берекесіз әке-шешесі де жан беруге келіспеді, әйелі келісті дейді. Д.Дос. ~ Әкесі ішімдікке салынып кеткен, шешесі сауатсыз, малайлықта жүр, балалар қатқан нан мен қырыққабаттың өзегін жеп жан бағады. Ч.Пав. ~ Колхозсыз жан баққан күнің бар ма? Осында біргәдір үшін, актіп үшін жүрмісің?! Қ.Ысқ.
ә) Басын қорғады, жанын сақтады. ~ Оның үстіне тумай жатып қуғын көріп, қос үрей болып ескен су жүрек немелер үйір бастап қай бір көктете қояды дейсің? Сонда әр қайсысы бас-басына жан бағып әр текенің сүргінінде кеткені ме?!. Ә.Кек. ~ Санчо есегінің тасасына тығылып, бұршақтай жауған кесектен соны қалқалап жан бақты: тас кесек екеуіне бірдей борап жатқан-ды. М.Серв. ~ Тым зыртұяқ болып кетіпсің, бауырым, екі шоқып бір қараудың орнына бір шоқып екі қарап жүріп қалай жан бағасың? Ғ.Біл.
3б) Әлдебір кәсіпті күн көріс көзіне айналдырды. ~ Өздерің біліңдер,– деді ел басшысы, – мына бала жолды көрсетіп жібереді, әлгі ағамызға айтып қойыңдар, жоғарыға арыз жазбасын, ешкімге сыр ашпасын. Поштасын тасып, айлығын алып жан баға берсін. Д.Дос. ~ Қап, әлгі дәптерлердян бекер айрылғансың, районоға көрсететін едік. Енді ол құйрығын ұстатпайды. Қулық-сұмдықпен жан бағып жүрген неме сол қанша алысқа барар дейсің. Н.Сер. ~ Ұрлықпен жан бақпақ болады. Қапелімде бүтін түйе тауыстыра ма? Ү.Жәл. ~ Совхоздың малы-малы дейсiң, алдымыздағы жалғыз сиырмен жан бағып отырған бiздi неге ойламайсың? Т.Сәу.