Posted in

ЖАҒЫНА ПЫШАҚ ЖАНЫҒАНДАЙ (ЖАНИТЫН)

Аса жүдеу, терісі сүйегіне жабысқан арық. ~ Қажының қара тоқалы — жағына пышақ жанығандай арық пішінді адам. Б.Майл. ~ Жұрт жым болып, жалт қарасты. Үстінде жеңі салақтаған кең шидем шапан, басына елтірі бөрік киген, жағына пышақ жанығандай арық, шоқша сақалы, шүйкиген шал екен мұны айтқан. С.Жүн. ~ Орманшы жағына пышақ жанығандай, үлкен қыр мұрынды, сопақ беті дөңес шот маңдайынан иегіне қарай сүйірлене түскен ақсары кісі екен, жирен мұрты бар, ол біз тамақ ішіп болған соң қайтып оралды. Т.Ахт. ~ Жылмақтай, көз еті ісіктеу, екі жағына пышақ жанығандай, иегіне бір тал қыл шықпаған көсе, сіріңке қара жігіт болатын. Б.Қыд. ~ Тани кетті Ақбілек: етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген басында найза, ақ тақия; қолында шаңкіш асасы… танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншегі сидиған, саусақтары шибиған, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шынжау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын — Іскендір екен кәдімгі. Ж.Айм.