Posted in

ЖЕБЕЙ САУДЫ

А) Бие сауу әдісі. ~ «Жебей сауу» дегені, биелерін желінің бір басынан бастап сауып, екінші басына жеткенше, бастапқы бас жағындағы биелердің сауыны келіп қалады. Сондықтан екінші рет түре сауады. Екі рет жебей сауғанда, биелер екі-үш үлкен сабаны толтыратын сүт береді. С.Мұқ. ~ Есеней мырза, аз ғана сауын бие ағытылғаннан кейін мына самауыр деген сары биеге қарап қалғамыз. Жарықтық ертелі-кеш ииді де тұрады…- деді Артықбай.- Сары биеңді жебей сауғайсың! Ғ.Мүс.
Ә) Құныға, сарқа пайдаланды, қанады д.м. ~ Қырық жыл достық болмаса, қырық жыл жаулық жоқ. Еліңді, жеріңді жебей сауып, жат жұрт сұрағанда да көнгенсің. Халықтың көш басылары жарға құлағанда иісі қазақтың бір қанаты қайырылып қалған. Т.Рыск. ~ Болыс пен билер алатын «қарашығын» деген салықтың жайы «Болыстың сойысына, қонағасы, мініс-берісіне» деп ел басына үлестіріп салынатын салық, Өзінің де, шегі де жоқ, Халықты жебей сауып, ұлық атаулы алатын жем-пара осы. М.Әу. * Оспанның түрі болса мынау сасық құлықты жебей сауғаннан басқа қолынан келері жоқ. О.Бөк. ~ Оңды-солды сауда жүргізіп, шығыс пен батысты жебей сауып жұрттан аса лықсып байыған, Семейдің Ертіс көпірі түбінен мешіт салдырып даңқын асырған Қаражан деген адам болады. Ғ.Біл.