Әлдебір сезімнің әсерінен қатты қобалжу, тебірену. ~ Тоғжан алғашқы минуттерде қатты қысылып, өте ақырын амандасып, өзгеше қызарды. Бір кезде оның жүзі ағара бастап, сұрланып кетеді. Жүрек толқыны мен ұялу аралас. М.Әу. ~ Абай көңiлiнде ерте күннiң айықпас сағымдай сұлу қиял естегiсi отыр едi. Сол күнде жүрек толқынын осы бiр әнмен айтқан. Бұл да жаңылмас серiгi содан берi. М.Әу. ~ Ризамын, – деді Дархан жүрек толқынан баса алмай. – Бәсе, бір бардың – бір жоқтығы, бір аштың – бір тоқтығы бар деуші еді. Атар таңымның алда екеніне сенуші едім, үміт жібін үзбей сарыла іздеуші едім, таптым. О.Бөк. ~ “Қасыңдамын. Мiнi келдiм!” деп едi ғой. Дегенi рас, жалғаны, жаңсағы жоқ. Өзi, өзi келдi. Уыздай таза боп, үлбiреген сезiмтал күйде, нәзiк жүрек толқынымен, дiрiлiмен келдi. М.Әу.
