Ишарат қылды, белгі берді, нұсқады. ~ Ол жанындағыларға иек қақты. М.б.Т. ~ Сен жиырма болсаң, ол жүз, сен жүз болсаң, ол мың болады, әне! – деп, ауылға қарай иек қақты. Жұрт жаңа байқады. М.Әу. ~ Келсем, алдымнан өзі шығып, атымды байлап жатыр, – деп, Жұмабай жаққа қарап, иек қағып қойды. М.Әу. ~ Еламан оңы мен солына жылдам көз тастап, ат жалына жабысып әзір тұрған жігіттерге иек қақты. Сол, сол-ақ екен, сең қозғалғандай Еламанның ақбақай атымен құйрықтасып тұрған қырық-елу жігіт лап қойды. Ә.Нұрп.
- Салқын ғана амандасу рәсімін жасады. ~ Жас тергеуші иек қағып сәлемдескен, онан өзге ылтипат білдірмеді. М.Сүн. ~ Түрулі есіктен далаға қарап отырған Исатай олармен иек қағып амандасты да, діттеген адамы түгел жиналды деген кезде басын көтеріп, ұзын мойнын соза көзбен шолып өтті. М.Әбд. ~ Дмитрийдің жанында отырған жүдеу өңді, бір аяғы жоқ, шикіл сары орысқа иек қағып амандасқан болды; әйтсе де жатырқай жүзін тайдырып әкетті . М.Сүн.
