Posted in

КЕУДЕ КЕРЕ АУА ЖҰТТЫ (ДЕМ АЛДЫ, ТЫНЫС АЛДЫ, ТЫНЫСТАДЫ)

Терең тыныстады, кеудесін толтыра ауа жұтты. ~ Таза ауаны кеуде кере жұттым да, кірпіктерімді жазып ем, кеше кешке бізді мына ат шаптырым алаңқайға жетектеп әкелген айдау жолдың қырқадан асып түсер тұсында күн дөңгелеп жүр екен. М.Қаб. ~ Ол iштей мырс еттi де, көкейiнде тыпыршыған мазасыздықтан тәсiгөй арылғысы келгендей кеуде кере дем алды. П.Дүй. * Көк-жасыл ағаштардың жұпар иісін кеуде кере жұтып, таң алдындағы құстар әнін тыңдаған. Б.Тоғ. ~ Еріктің жүрегі алқынып әрең отырған, далаға шыққан соң, көктем түнінің таза ауасынан кеуде кере қарпып жұтып- жұтып жіберді. О.Бөк. ~ Әлгiнде ғана қуқыл тартып, көз шарасын үрей өртi шалған анасының жүзi қайта жадырап, кеуде кере тыныс алды. П.Дүй. ~ Кеңдік! Сол кеңдікке кеуде кере тыныстап, алшақ адымдап … несібесін мол қамтып… Д.Дос.

~ Байжан кеудесін кере дем алды да: — Осындай бақшада өскен ғашығын сүймеуге бола ма, Гүлім? — деді. С.Мұқ. ~ Сіздің осыны айтуыңыздың өзі ерлік. Мен мұны солай түсінемін. Ал, оның қысасын Нұрланнан қалай қайтардыңыз, енді соны айтыңызшы? — деді Сәуле кеудесін кере дем алып. Ә.Әб.