Posted in

КЕУСЕН СҰРАДЫ

қырман бастырып жатқанда жақсы тілек айтып келген адамға қырманшы «айтқаның келсін!» деп олардың шелек, дорба, қоржындарына бидай, тары т.б. салып береді. Оны кеусен деп атаған. Тілек айтып келушілер қырмандағы астықтан дәметіп келеді. Оны кеусен сұрау деп атайды. ~ Болмаса болмасын, — деді Сырбай сергіп, — кеусен сұрай жүрген Сырбай жоқ осы күні. С.Мұқ. ~ Баяғыда, бірен-саран кісі егін егіп, егер онысы шыға қалса, зекеті мен үшірін беріп болған кезде, қоржынын бос байлап, көңіл жетер дос-жарандары одан кеусен сұрайды екен… Кеусен алып көңілді қайтса, «ендігі жылы егінің тассын» деп бата беріп, кеусен ала алмаса, ашуланып қайтқан біреулер «егініңді біте жесін» деп қарғайды екен. С.Мұқ. * Бесбасбайды бұл өңірдің қарақалпақтары түгел білетін еді. Күзді күні кеусен сұрай келгенде, қырмандағыларды қырып кете жаздайды… З.Шүк. * Сонау бір жылы жұрт қырманда астық суырып жатқанда мұндай шаруаға қолқабыс тигізуді білмейтін Матан кеусен сұрай келген. Б.Тоғ. * Кеусен сұрап қаңғитын кім екенін құдай біліп тұрған-ды. Қарға өз атын өзі шақырады. – деді Бидай ашу шақырып, – Оттаған сөзді қойсайшы, Бесбасбай! З.Шүк.