Posted in

КІР ЖУЫТПАДЫ (ЖҰҚТЫРМАДЫ)

Жаман сөзге қимады; қорғаштады; атына кір келтірмеді. ~ Е, бұл қаланың қыздарын қалтаң болса — болғаны,— деп Жылтыр басынан кешкен бір-екі оқиғаны сөйледі. Бекболат тыңдап отырып: — Қала бір — бұзылған жер ғой, — дей берді. Онысы Ақбілекке кір жуытқысы келмегені ғой. Ж.Айм. * Әкесі Тілемісте «алдап соқтым, алданып қалдым» дейтін әдеттер болушы еді, Торсанда ол жоқ. Алдамайтын, алданбайтын, адалдығына кір жұқтырмайтын адам болатын сияқты. Ғ.Мүс. * Болымсызға бордай тозып, өз-өзінен бұрқ-сарқ ақтарыла жөнелген ашуына таң қалды. Неге талағы тарс айырылды? Не бүлінді? Өзі де білмейді. Әйтеуір кінәлауға ілік іздеп шабынып отыр. Осы күнге дейін кір жуытпай үлпілдетіп келген көңіліндегі аяулы Зухра қайда? Т.Сәук.

  1. Тап-таза жүретін, кірпияз адам туралы. * Шалтабай таза киінетін, бұл күндері қашып-пұсып жүрсе де үстіне кір жуытпаған, қаба сақалдау, сары сүр кісі екен. Садаптан бажайламай қараған кісі өзбек пе, әлде тәжік пе деп қалатындай. Б.Қыд.