Өзіне еріксіз қаратады; қызықтырады; сүйкімді көрінеді. * Күміспен оюланған ағаш төсек, шағи көрпе, мамық жастық, масаты кілем көздің жауын алады. Ә.Шәр. * Қызы құрғыр он төртінде туған айдай толықсып көздің жауын алды емес пе. М.б.Т. * Мақпал қара ат түйедей тұлғасымен ғана емес, жорға жүрісімен де, сүліктей қара сымбатымен де көргеннің көз жауын алатын. Ж.Шәк. * Төменіректе борықтай аппақ қайыңдар. Аппақ қайыңдар көз жауын алып, самаладай сап түзей қалыпты. Ә.Асқ. * Жиделердің гүл жарған кезі. Тырнақтай ғана майда, сарғыш гүлдер әлі нілін жоғалтпай, көк жасылданып тұрған ұзынша жапырақтарды көлегейлеп, алыстан сап- сары боп көздің жауын алады. Иісін айтсаңшы, иісін! Ж.Шағ. * Көктемнің тусырап толысқан кезінде теңіздей тербеліп, көздің жауын алатын, тамсандыра құлпыратын осынау жалпақ даланың өңі сұрқай, суық сорғандай боп-боз. Ш.Құм.
КӨЗДІҢ ЖАУЫН АЛДЫ Қызықтырды, тамсандырды. ~ Шашы әдемі екен, – деді шын сүйсінгендей, – аппақ болып иығына төгіліп жатыр, көздің жауын алады, сенен әлдеқайда үлкен, жиырмадан асса керек. О.Бөк. ~ Биік маңдайшаға қашалған мүсіндердің өзі-ақ көздің жауын алады, қолдарына шолақ найза, екі жүзді семсер ұстаған дулығалы, айбатты жауынгерлер алға ұмсынып, дұшпанына бүйірдей тигелі тұр. А.Смай.
