Көзіне ілікті, назары ауды. ~ Ақсақалдың көңілі манағыдан да бетер қарыс көтерілді. Таңертең Ақбілек пен келіні далаға барып келе жатқанда, ақсақалдың көзі түсіп: «Келін бір бәйбіше болғандай денелі, жүрісі сабырлы адам екен» деп ойлады. Ж.Айм. ~ Бір қабырғада тіреліп тұрған кітапқа, төрдегі ілулі домбыраға көзі түсті. К.Қаз. ~ Жомарт жүзікті ақырындап суырып алып, үңіле қараған, ондағы таңбаға көзі түсті. Ә.Әл.
- Ықыласы ауды, қызықты, көңілі кетті. ~ Жаңағы тазы ит иесінің сол қызға көзі түсіп сұрағанда, Педот баспа-бас айырбасқа салады. Қыздыңтигелі жүрген жігіті жасық екен, ара түсе алмай қалыпты. М.Әу, ~ Рақилаға “қызыққан” жігіт аудан қызметкерінің бірі — Қасым деген еді. Жас, бойдақ, сал жігіт. Әйелге үйірлігі, көңілшектігі бар. Жібі түзу әйелді көрсе, сонымен сөйлескенше құмартады. Осы мінезін айтып кейде жолдастарына мақтаншылық қылып та қояды. Аудан көшіп келгеннен бері Рақилаға көзі түсіп жүрді де, таныспақшы болды. Кеше записка жазып, исполкомның кучерінен беріп жіберсе, Рақила жауап қайырыпты. Б.Майл. ~ Осы жазда екі қатыны бар Көбен Тұрсынның бой жетіп отырған ақ уыз, ақ бидай қарындасы Тұрымтайға көзі түсіп, құдалыққа кісі жіберген-ді. Б.Тоғ.
