Мақтанды, паңданды, кеудесін қақты. Өр көкірек, менмен, дандайсыған тәкаппар АДАМ ТУРАЛЫ. * Жоңғардың жол торушы тобындағылар шетінен мерген бе, көкіректері аяқ қаптай боп келе жатқан қазақ қолындағы талай боздақ баудай ұшып жайрап қалды. Ә.Кек. * Бейбіт жүргенде жал-жалдың басына шашырап, әр қайсысы әр жаққа шірене түкіріп, қаралай мардамсып, көкіректері аяқ қаптай болып жүретін бейберекет пәтуасыз тобыр … Ә.Кек. * Сапарбектің шымылдық тұтылған үйді айналсоқтап жүргенін көзі шалып қалған шал: “Көкірегін аяқ қаптай ғып кіріп бармай ма екен. Өй, шірік”, – деп кіжінді. Қ.Найм. * Әншейінде кеуделері аяқ қаптай, жеме-жемге келгенде жігіттер өз аулының тентегін өздері тыя алмады-ау, тым болмаса! Б.Нұрж. * … жер түбіндегі жеті атаңның аруағы түгел риза болар, жер түбіндегі жеті ұрпағыңның кеудесін аяқ қаптай қылар айырықша әңгіме-тұғын. Ә.Кек.
