Posted in

КӨК ЕСЕК

Біреудің айтқанымен жүретін, еңбегі еш, иіс алмас бишара. * Асқар – қыршаңқы есек: алдына барғанды тістейді, артынан барсаң тебеді; мен киностудияның көрінген иті мінетін көк есек едім. Қ.Ысқ. * Бұның да енді сол санатқа қосылдым, ғалым болдым деген түрі ме. Тұлпардың терісін жамылғанға тұлпар боп кетем дей ме екен көк есек! Т.Сәу. * Олар күйеулерінің көзінше аһлап, уһлеп, әлгі арғымаққа қызыға ма, жоқ па? Қызығады, әрине. Содан кейін әлгі көк есектер, иықтарына погон таққан есектер не істейді? Ә.Тар. * Мәкесі, ауыз не демейді, ит не жемейді. Ұрсаң – аузым міне, мінсең — желкем міне! Көк есекке көп өсектің керегі не, көп есептің керегі не. Анда-санда бір ақырғанын кешпесең, мықтылығың неге сеп. С.См. ~ Осыныңды қашан қояр екенсің. Енді, міне, тағы да өзіңді байлап бердің. Аузыңды ашардың алдында ойланбайсың ба, көк есек-ау!” Ә.Тар.