Posted in

КӨҢІЛІ ЖҮДЕДІ (ЖҮДЕУ ТАРТТЫ)

Уайымға салынды; қайғы басты, торықты. ~ Көруге аңсап келген Ботагөздің кетіп қалуы жалындай шалқыған оның қуанышын су сепкендей басты, семірген көңілі жүдеді. С.Мұқ. ~ Туған топырағымызға әр келген сапарымызда көңіліміз жүдеп, марғау тартатынымыз несі екен? М.Сүн. ~ Осы әңгімеден екеуінің де көңілі жүдеп үнсіз келе жатты Т.Ахт. ~ Елеусіз уәжден жығылып, көңілі жүдеп қалды, Ақындықтан дәмеленіп, аракідік өлең шығарып жүргендегі тапқан теңеуі, шынында да, түкке тұрғысыз екен… С.Елу. * Сол пip ақын, қамқоршы ағаны қатыгез науқас меңдеп алғанын көріп, көңілім жүдеп қалды. Б.Соқ. * Осындай жиын-той кезінде Әсет көңілінің жүдеу тартып, құлазитын жаман әдеті бар. C.Мұр.

КӨҢІЛІ ЖҮДЕУ

Қайғыға салынған, қапалы, еңсесі төмен адам туралы. ~ Өзі қанды майданға аттанғалы отырған, көңілі жүдеу, күйрек сорлының бір сәттік мақтанышын мақұрым еткісі келмеді. Ж.Нәж. ~ Көңілі жүдеу бишараны жұмсақ алақанымен маңдайын сипап, алыстағы бір болмашы үмітті нұсқағандай елес береді. Т.Ахт.