Мал бағып күн көру, тіршілік жасау. ~ Екі ауыл арасын шұбарлап өрістен қайтқан мал келе жатыр еді. Малдың соңындағы қойшы, түйешілер де екі кештің арасында болған мына уақиғаға елеңдесіп шауып келеді. С.Ел. ~ Әлгі қайының малдан босамайды. Сол малдың соңында өлетін шығар. Жалғыз қызына қамқор болуды да білмейді. Өйтіп еркек болғаныңа, – деді айқайлай сөйлеп. АҚ “Үш хикаят”.
МАЛДЫҢ СОҢЫНДА ЖҮРДІ (СОҢЫНА ТҮСТІ, СОҢЫНДА КЕТТІ)
Мал бақты, мал шаруашылығымен айналысты. ~ Төрт түлік малдың соңында жүріп, содан алған өнімін түрлі нәрсеге жаратты. Олар жасаған ыдыс та, киім де, барлығы да бүгінгі әлем халқын таңғалдыруда. Ж.Баб. ~ Кейін, бет-бетіне кетіп, малдың соңында жүрген алауыз елді әр жерге шоқ-шоқ қып иіріп, «ауыл совет» ашты, басы-қасында Ізбас та жүрді. Ү.Жәл. ~ Көбіне таңнан кешке дейін малдың соңында жүретін қойшылар мен із аңдитын аңшыларға, жорықшылар мен жортуылшыларға арнайы тігіледі де, былайғы қарапайым жұрт қасқыр терісінен бас киімді сирек тігеді. Ж.Баб. ~ Бұлардың көбі әңгіме айтудан бұрын, азырақ шарт керек қылушы еді. Алдымен күндізгі мазасыз суық пен қар басқан көңілсіз елсіз даладан құтылған болу керек. Өнбейтін азын-аулақ малдың соңынан жүріп, әрі іш пыстырып, әрі қинаған бейнеттен серпіліп, күн бата үйіне келуіне керек. М.Әу. ~ Ол кісі менің мал баққанымды қалайды. «Ата кәсіпті жалғастырсаң, ешкімнен кем болмайсың» деп отырады. Мен малдың соңына түсуге қарсы емеспін, тек Әселдің қозы қайырып жүргенін, я нәп-нәзік саусақтарымен сиыр сауып отырғанын елестете алмаймын. Қ.Әбіл. ~ Жарасбайдың үш ұлы – Әубәкір, Дәуітбай, Сауытбай үш әкеден туғандай – бөлек–бөлек. Үлкені – Әубәкір басын жерден көтермейтін момын жан, бірыңғай малдың соңында кетті. Т.Әбд.
