Біреуден бойын аулақ ұстады. ~ Шікірейген талай жігіттер Жәмиге қырындап, әкесіне сөз салғанда, Тоқсанбай солардың ешқайсысын маңайына дарытпай, қатыны өлген қырқылжың біреуден жең үшінен қалың мал алып, басын байлап қойыпты. С.Ом. ~ Нұртайға арнайы адам жіберіп, жері алынатын болғанын айтқызып, тағы да бір рет алдынан өттік. Ондағы ойымыз, баяғы дау-жанжалсыз, шимай-шатақсыз көндіру еді. Оған Нұртай илікпеді. Ат-тонын ала қашып, маңайына дарытпай қойды. С.Ом. ~ Тобырды жатсынған үйірдегі айғыр көзі шатынап, осқырынып маңайына жолатар емес, ағамызға ұсынған қолымыз жетпеді. Қ.Ысқ. ~ Оның үстіне кемеліне келіп алған Кеңес идеологиясы мен насихаты ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді жер астына қымтап жауып тастап, маңайына жолатпай андып отырған “Хан”, “бай”, “ата-баба” сөздерін абайлап қана қолдану дағдысы мықтап орныққан, сонау үрейлі жылдардың жаңғырығы әлі де тарамаған. Қ.Баян. ~ Есімбектің үй іші есітіп бұлан-талан болыпты. Шұға не қыла қойсын; таздың ашуын тырнадан алып Базарбайды айдап шығарып жібереді. Мені үйінің маңайына жуытпайды. Б.Майл. ~ Жал-құйрығы төгілген талай сәйгүлікке арқан тастап ұстамақ болып еді, құландай құр жүрген жылқы жалғыз жаяуды маңайына жуытпады. А.Сей. ~ Бөкен шалдың сөзінен, көшеден бергі кикілжіңнен Жәмештің жастарды маңайына жуытқысы келмейтінін сезді. Д.Әш.
МАҢЫНА ДАРЫТПАДЫ (ЖОЛАТПАДЫ)
Бойын аулақ салды, менсінбеді. * Байманды бұралқы көрушілер, оның ауызға ілініп, бай балаларына жаққанын көре алмаушылар, өздерін маңына дарытпай жүрген Күнікейді меңгеріп əкеткенін қызғанушылар немесе құдалардан өздері жол алып, пайдакүнем, өнерсіз күншілдер, тоғышарлар еді. Ж.Айм. * Екінші, атақты манап Мәмет сықылды қу кедейге, қоңсыға қызын бермек түгілі, маңына дарыта ма? Сүйек намысы қайда? Атасының басына манап болып жүр ме? Ж.Айм. ~ Кеңес одағының кезіндегідей арнайы жолдамамен бір жерге жұмысқа тұр деп жібермейді. Жұмысты өзің табасың. Ашпаған есігі қалмады, ешкім маңына жолатпайды. С.Досж. * Паулоны қаны сүймеген жалғыз адам Янумака шал. Янумака Паулоның сыйға ұсынған темекісін де алмады. Маңына да жолатпады. Т.Әбд.
