Posted in

МЕЙІРІ ҚАНДЫ (ҚАНБАДЫ)

Ләззат алды, құмарынан шықты. Көңілі толды, рахат сезіміне бөленді. ~ Жарлылық шығып көңілінен, Қызықта мейірі қанады. «Қасымда адам бар ма?» – деп Төңірекке қарады. “Қамбар б.” ~ Адамды мінезінен білер танып, Өсекке салмас құлақ, сірә, нанып. Жолаушы құдайы адам кетеді екен, Ас берсе, қасын керіп, мейірі қанып. М.Ж.Көп. ~ Босатты бала жүйені. Алпыс екі тамыры Алпамыстың иеді. Ат үстінен көтеріп, Алдына алып сүйеді. Сүйсе – мейірі қанады, Ат үстінен құлады, Жатып есін танады. “Алпамыс б.” ~ Ешбір жан, ешбір дыбыс шығара алмас, Жанына жарық түсіп, тіл байланып. Көңілі ойнап, көзіне жас мөлдірер, Белгісіз бір ләззетке мейірі қанып. C.Тор. ~ Әлден уақытта мейірі қанған соң, құшағын жазып, үйден сылти басып, аптыға шыққан анасының қойнына сырғи салып, Нұрланмен амандасты. З.Шаш. ~ Мұнда бір адамның ғана емес, күллі елдің қошаметіне бөленді. Мейіріне қанды, мерейі өсті. Қоңырдың әдейілеп шақыртуында да мән бар екен. Қ.Тол. ~ Жүр, апа үйге қайтайық, Бұл базар мені шаршатты. Сүйсеңіз мейір қанатын немереңіз бар — қанатым! М.Рай.

МЕЙІРІ ҚАНБАДЫ

Көңілі көншімеді, рахат таппады. ~ Ит тартқан терідей жұлмаланып жұтылып жатқан уақыты зая. Таң атса – күн батады. Я есек көкпар шауып тақымы қызбайды, я қызық кітапты сарқа оқып мейірі қанбайды. Д.Дос. ~ Әр адам сөйлеген сөзін — арамын алып тастап, адалын сөйлеуге тырысу керек. Сөйлеген сөздің де қаны, жыны аралас болса, тыңдаушының (тыңлағушының) мейірі қанбайды. БС. “Жан ғаламы”.

МЕЙІРІ ҚАНБАС

Қанағат таппай, құшырлана түсу мағынасында. ~ Босағасын алтыннан соқсаң-дағы, Перзент сүймей адамның мейірі қанбас. Шал ақын. ~ … мен, расында, Лигейяның мәңгі мейірі қанбас құштарлығының, енді қас-қағымда ғайып болған оның өмірге деген адуын құштарлығының енді қас-қағымда ғайып болған оның өмірге деген адуын құштарлығының табиғатын танығандай болдым. Э.По. ~ Мен оны қатты қысып құшақтадым, біз осылай ұзақ отырдық. Ақырында ерінге ерін тиіп, ыстық, мейір қанбас сүйіске айналды. М.Лерм.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *