Posted in

МОЙНЫ ҚАШЫҚ (АЛЫС)

Алыста, тым алшақта орналасқан жер туралы. ~ Қырдағы жақайым тік көтеріліпті. Бірақ, мойны қашық жерде отырған ел, бірінен-бірі құлақтанып, бастары қосылғанша, бес-алты күн өтіп кетті. З.Шүкір. ~ Пароходта менің жан аямас көп достарым бар. Амантай соларға барса, олар бұл кісіні сақтай алады, және мойны қашық жер, бұл кісіні ол жақта танитындар жоқ. С.Мұқ. ~ Сонда Мамозы өзінің ат үсті жорыққа мықты — Рахим деген інісіне бай дүңгендерден іріктеліп құралған топ жігітті бастатып, мойны қашық елдерден дәл үш дүркін жылқы алдырады. Ж.Ахм. ~ Ең алдымен, Қараш мойны қашық ауданда тұратын сырқат апасының көңілін сұрап қайтпақ. Т.Әл. ~ Бірақ бұл өлкеге шекараның мойны алыс, бұл ауғанмен ел-жұрты оған ере ме? Б.Тоғ. ~ Егер, мұны бұл қалыппен жүгенсіз жіберсең, бүгін біздің қатынымызды тартып алса, ертең сенің қатыныңды тартып алады. Бізге оқасы болмас, мойнымыз алыс жер, бір жесірді садақаға бердік: ал, ертең ауылыңда отырып, Сатыбай,
сенің малыңнан құрық, басыңнан сырық кетірмесе, осы жүгенсіз жібергеніңе бұдан жаман өкінерсің, ойлан!.. Сатыбай расында ойланып қалды. С.Мұқ. ~ Атбасарда Ғалияның көңілін аулауға Қордабай күн бұрын қам жасап, Қарқаралы жақтағы
өзектес ұрыларына хабар айтып, мойны алыс жерден бір айғырдың үйірі – 15 шақты қысырақты алдырды да, Атбасарға айдады. С.Мұқ. ~ Көк шулан бұл өңірдің бейтаныс қонағы. Осыдан аз күн бұрын мойны алыс сексеуілді өңірді жайлаған малды ауылдардың айғайына аттан қосып дүрліктіріп жүрген-ді. Ө.Кәр. ~ Қуғыншылар аяқ жетер жерді сүзіп шыққан соң, мойны алыс Қырғызстанға сұрау салады. Тырс еткен хабар болсайшы?! Ө.Кәр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *