Ойқастай шапты, зыта жөнелді. ~ Ақбоз ат манежға шыққанда ұршықтай үйіріліп, әртүрлі кедергілерден ор қояндай орғушы еді. Ә.Нұрш. ~ Бірден ор қояндай орғып, ар жағындағы жыртылған зябьқа қарай тартып отырды. Зытып барады. С.Жүн. ~ Бір де адам қалмастан түгел мінді. Кейбірі мүлдем жабылмайтын болған кемтар терезелерден шаң бұрқ – бұрқ кіріп, даланың бұралаң жабайы жолымен, міне енді, ор қояндай орғытып келе жатыр. Б.Соқп.
ОР ҚОЯНДАЙ СЕКІРДІ (ҚАРҒЫДЫ, ЫРҒЫДЫ)
Орғып-орғып, тасырлата, зытып берді. ~ Тұлпардан туған Көк жорға ат Ор қояндай секірді. Алмас қылыш сартылдап Алтынды жүген жарқылдап, Көк жорға тұлпар қырланды. “Қыз Жібек”. ~ Әйтсе-дағы ор қояндай секірген жүріс-тұрыстары мен мөлдірей тесіліп аңқау қараған кейіптерінде сәбиге тән сүйкімділік бар. Н.Айт.
~ Оң қолына тоғыз буынды шойын табанды найзасын ұстап, атақты Ақауызына мінген Наурызбай мен Ақылақты ор қояндай секірткен Ағыбай мың сарбаздың алдына шықты. І.Ес. ~ Бәлкім, мұның күңіренген үні әдетінде тас бауыр тәңірінің құлағына шалынған шығар, оның да жақсылық пен жамандыққа селт етер ет жүрегі бар ма, Шам ышқына кісінеп алып, ор қояндай қарғыды. А.См. ~ Ақбоздың бүйіріне шпорды сонда салдым. Ақбоз ор қояндай ырғып, ордың ар жағына барып дік ете түсті. Ә.Нұрш. ~ Атқа мініп Жұбаныш, Сапар шығып жөнелді. Жануардың жүрісі Ор қояндай ырғиды, Атқан оқтай зырғиды. Аяңдамайды, желеді, Дөңгеленіп келеді. Диірменнің тасындай, Жүрісі қызық осындай. “Жұбаныш”.
