Өз әке-шешесінің үйінде отырған яғни тұрмысқа шықпаған бойжеткен туралы. * Қатираға да сын жоқ. Жасы қырыққа шыққанша қыз күйі оң жақта отырды. Іш пыстаны ішіне түсіп біткен ғой… З.Шүк. * Түнде Шағай әбілқасымның оң жақта отырған Күнсана атты бойжеткен қызын оятады. І.Ес.~ Керiмбала бұл күнде осы үйдегi Тобықты қызының iшiнде, оң жақта ең көп отырғаны. М.Әу. * Енді ешкім ешнәрседен ұялмайтын күйге жете бастады. Бір жерде оң жақта отырған бойжеткен ата-анасының көзінше босанып жатса, енді бір жерде келін қайын енесін үйінен қуып шығып жатты. Ж.Аяз. * Қандай қонақ келмесін үй ішін, ыдыс-аяқты кіршіксіз таза ұстап, өзі мұнтаздай боп қарсы алу оның оң жақта отырғанда-ақ алған тәрбиесі. С.Жүн. ~ – Жұмыртқадай жұтынғанды әлі көрерсіңдер. Өзім Диканы жеке отау етіп шығарам. Кім бұған оң жақта отырған қызын бермес екен. С.Жүн.
ОҢ ЖАҚТА ОТЫРЫП (ОТЫРЫҢҚЫРАП) ҚАЛДЫ
Жасы келсе де, күйеуге шықпаған қыз туралы. * Жасы отыз екiде, өз сөзiмен айтқанда, «пәшпүртi бiткен, оң жақта отырып қалған кәрi қыз». Т.Сәу. * Соңынан сұңғыла қатын-қалаштың сыбыр-күбірі ілесіп, оң жақта отырыңқырап қалған қызын әкесі әйелі өліп жесір қалған нағашы жұртының артына мінгестірді де жіберді. Н.Дәу. * Көрші совхоз директорының оң жақта отырыңқырап қалған қарындасын алыпты. Жерде қалмас қайрақ тас еді, іштей бақыт тіледім. М.Қаб.
