Posted in

САПТАЯҚҚА АС ҚҰЙЫП, САБЫНАН ҚАРАУЫЛ ҚАРАДЫ

Не болса содан күдіктенді, секем алды. Өте сақ, әккі адам туралы. ~ Ал арамзаларға бірдеме деу қиын. Олар арақ ішкен күннің өзінде саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағандай аса сақтық танытып мас болмауға тырысады. Ж.Шәк. ~ Ұлы жүз ханы неге қатыспайды мына диуанға? Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған ұябасарлық әбден түпке жетпеп пе еді. С.См. ~ Ал қазір екінің бірі «әне, қашқын!», «міне, қашқын!» деп саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отыр. Шекара күзетінің сақтығы да күшті. Ж.Шәк. ~ Арамызда сөз таситындар да жеткілікті. Көбіне сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарай бастадық. Өйтпеуге болмады, екі көзіңнің бірі, егізіңнің сыңары сенің жаныңдағы бақылаушың. Б.Қыд. ~ «Рақметті» жаудыра-жаудыра жолға түстім. «Рақметті» жаудырмай қайтем, сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған ол заманда кімге кім қарасқандай еді, «балапан басына, тұрымтай тұсына» болып кеткен-ді. Б.Қыд. * Сапты аяққа ас құйса – сабына қарауыл қойып отыратын сақтығы, көбінесе, малының түгелдігі жағында жүретін кісі еді. Ғ.Біл. ~ Бұл, сол заманға деген өкпе мен назаны жеткізудің бір көрінісі болса керек. Аңғалдық деп бағалар едім. Қанша астарлап баққанмен, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған кезең үшін анау-мынау емес көркем шығармаға эмоцияңды қосу «өле алмай жүр едім» деп жар салумен тең. А.Нүс.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *