Бітпес қайғы-қасырет; шерлі мұң. ~ Менің сиез турасындағы бұл сөзім көбіне құр тартыншақтық, сары уайым боп көрінер. Солай көрінсе де, ойым сол. А.Байт. ~ Назретте қолын, аяғын кестірген, көзінен айырылған, мұрнын жұлдырғандар да бар екен. Оларға қарағанда, Қартқожаның жарасы ойыншық тәрізді. Соларға қарап, Қартқожа шүкіршілік қылды. Әйтсе де сары уайым қыр соңынан қалмады. Ж.Айм. ~ Сиез деген сөз бастаған кезде заманның түріне қарап, тынымы осылай болар дегенімізде, жұрттың көбі жаратпай, құр әншейін сары уайым, сар қайғы, тартыншақтық, қорқақтық деп, бірсыпыралары құр алауыздық, ұйым бұзарлық, сөз жарысы, ерегіс деп, кейбіреулері сиезді біз керек қылмағандай көріп, кейбіреулері жұрттан сиезді біз бейне қызғанатындай көріп еді. Бірақ онымыз бұл айтқандардың бірі де емес еді. А.Байт. ~ Осы кеште Тәкежан аулының шеткі лашығы —Иіс кемпірдің үйінде де сары уайым еді. Жалғыз көк сиырдың емшегін тарта түсіп, қарт ана көптен жылап отыр. М.Әу. ~ Өлең техникасын меңгере бастапсың, бірақ бастан-аяқ сары уайым екен, – деп сәл кідірді де кішкене монгол көзінің құйрығымен маған қарады, – мені жұрт жалпақ шешей деп кінәлайды. Сірә соның жаны бар-ау деймін. С.Шай. ~ Ақыры әбден дағдарып үйге кіріп дастарқан жайған. Шәйдің соңына ала кірген ерін сары уәйімді сапырып қарсы алды. Ж.Нәж.
