Posted in

САРҚЫТЫН ІШТІ

Атақты, беделді, өнерлі адамдардың қалған асын сол кісілердің қасиеті жұқсын деген ырыммен ішу дәстүріне қатысты. Өнегесін, жақсы қасиеттерін бойына сіңірді, мұра қылды д.м. ~ Ауылдың орта шенінде. Кеңсеге алынып отырған Жаппасбай үйімен көрші. Омар қартаң адам. Жаппасбайдың сарқытын ішкен үзеңгі жолдасы. Б.Майл. ~ Торсықпай, Мыңжасарлардың сарқытын ішіп келіп, жаңа заманның елегінен өткен, бүгін жүлде алып жүрген халық артистері –Қалыбек, Серке, Елубайлар бір жағынан жарқыраған жаңа болса, екінші жағынан өткен заманнан қалған асыл мұра екендігіне де күмән болмауы керек. Ғ.Мұст. ~ Мына жігіт кім болады? – деп сұрайды Қожакең үй иесінен. – Мен хан сарқытын ішкен асылдың қиығымын! – деп пұшықтың өзі желпіне жауап қайтарады. Ғ.Қаб. ~ Ыбан күмілжіді: Үзеңгі қағысқан ит қой, ренжіп жүрмесе?! Қимасаңыз өзіңіз барып көңілін көтеріңіз! Бұл сөз Ыбанның шамына тиді: Әй, сен кімнің арқасында герой болдың? Мына менің арқамда! Ертең сөзіңнен ши шықса, түзететін әлі де мен! Талай-талай дөкейдің сарқытын ішкен әкең!.. Т.Әл. ~ Үстімде әскер киімі болмағаны мұндай оңды болар ма, әйтпесе қиын болатын еді, мен де тайсалмадым: «Күткеніңіз сол болса, да болар. Разин мен Пугачевтің елді ластардан қалай тазартқанын білесіз ғой», дедім. Ол енді, не десе де, мынау кешегі декабристердің сарқытын ішкен бір қу екен деп қалды. С.Бақб. ~ Салық Зиманов Алашорданың ізін басып, сарқытын ішкен, Ұлы Отан соғысында қан кешіп, мұз жастанған батыр, теңдессіз ғалым, кемеңгер тұлға еді. Қ.Мәм.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *