Бұрыннан қыз алысып, қыз берісіп келе жатқан құдандалы адамдардың жаңадан құда болуы. * Енді не қылса да осы Байсалбайды алу керек. Әйтпесе — жеңілеміз. Байсалбайдың сырын тартып жүрмін. Ол: «Үй ішінен үй тігейік, сүйек жаңғыртайық» дейді. М.Әу. * Содан кейін Айғанымға өлердей қызыққан Уәлі, Сарғалдаққа: – Сүйек жаңғыртайық, қызын маған кішілікке берсін! – деп беделді біреуді жұмсайды. С.Мұқ. ~ Айдекең айтқанын орындады. Көпжасардың ғашық- машық болып, қыз таңдауына қараған жоқ. Қарақұрықтатып жүріп, сүйек жаңғыртып, қайын жұрты жақтан бір шүйке басты алып бере салған. Ұлының талғамына да тастаған жоқ. Т.Рыс. * Сен бізге бала көрінгенмен, жұрт көзіне бойжеткен қыз болдың. Кеше менің әкем Бейсембіге, ағаңа кісі салыпты: «Әуелден бас сүйескен жақын едік, бұрынғы сүйегім ескіріп барады. Қайтадан сүйек жаңғыртайық, мына Аманбайға баласын берсін»,—депті. Бұған не айтасың? М.Әу. * Жат жұрттыққа жаралған бір шаранасын маған балала ғып алуға қисын да, құда дескен мың жылдық құда болсын! Төре көнерген сүйекті жаңғыртқысы келеді де! К.Сег. ~ Күнбала бірде оңаша отырғанда Оспанға тұтқиылдан сөз тастады: ─ Балам, мен дімкәс аурумын, төрімнен көрім жуық, аман күнімде келін түсіріп, қызығын көрсем деп едім, — деді. ─ Сонда қалай, апа, ойға алған кімің бар? – деді Оспан. ─ Жәукемен сүйек жаңартқым келеді, соған қолқа салайын деген ойым бар, – деді Күнбала. С.Ом.
