Киіктер үйірге түсетін мезгіл. Киік, ақбөкендер тіршілігіндегі күздің аяғы мен қыстың бас кезіндегі мезгіл (амал) теке бұрқылдақ деп аталады. Өйткені бұл кезде киіктер үлкен топ құрып, қораланып жиналады да, маталады, яғни үйірге түседі. Бұл кезде киіктің текелері бір-бірімен қатты сүзісіп, әлсіздерін текелік жасаудан ығыстырып тастауға тырысады және әрбір топқа (үйірге) басқа текелерді жібермейді. Киік текелерінің сүзісіп, таласқа түсіп жатқан көрінісін насай топыр деп атайды. Мұндай кезде киік текелері жайылудан қалады, салмағын жоғалтады. Текелердің осы уақыттағы күй-жайын халық сасай болған теке, сасай қалысы, теке қалысы деп бейнелеп айтады. Осы уақыттағы ақ жауынды (нөсерлетіп ұзақ жауған жауын) киіктің мойын жуары дейді. Өйткені мұндай жауын сасай болған текелердің сасық иісін жуып кетіреді. Қазан айының бас кезінде (кей жерде қарашада) киік текелерінің үйірге түсер шағында күннің суытып, қатты жаңбыр кейде қар аралас жаңбыр жауатын кезді киіктің матауы дейді. Киіктің матауы – «күннің тоқырауы», «қараша қаздың қайтуы», «үркердің батуы», «мұздың қатуы», «айдың тоғамы», «қыс тоқсанның кіруі» деп аталатын, есепшілер айтып, ескертіп отыратын жеті амалдың бірі. "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" Энциклопедия.
