Көнбіс, қиыншылықты көп көріп, әбден көндіккен, бейнетқор. ~ Сарыбала үйдегі әке-шешесінің әңгімесін ести отырып жабығады, далада атасы маңындағы топты көре отырып, аралассам деп қызығады. Ауыл жасы сұңғыла, тесік өкпе келеді. Піспей, жетпей жатып-ақ үлкен білетін жақсылық, жамандықтың бірсыпырасын біліп қояды. Үлкендер соны білдіруге құмар. Ғ.Мұст. ~ Өкпе жүректен де нәзік. Денедегі қызметі орасан болғанымен, болбыр, босаң келеді. Суық тигіш келетіні содан. Сол себептен жігерсіз, өлі сүйек баланы «бозөкпе» деп жақтырмайды үлкендер. Жетімдік көріп жетілген жасты «тесік өкпе» деп мүсіркейміз. Ө.Кәр. * Гришә, сен олай деме, – деді сол жерде отырған кемпірлердің бірі, – қазақ кеше не көрмеді? Қайғыны қайғы таниды. Осы отырғандардың көбі шерменде, тесік өкпе. Т.Әс. * Қосүйеңкі қарбаласы кімге болса да белгілі, арбаның қамыты секілді, мойныңа ілсең, тесік өкпе етіп әзер шығарады. Сол тесік өкпенің бірі Мүлкаман, қолы босағаны бүгін. Д.Досж. * Жасынан бай-бағланның жалшылығында жүріп тесікөкпе болғанмен, әбден ширап, от пен суға пісіп өскен. О.Сәрс. * Тесік өкпе жетім бала қиялшыл, әйткенмен дүние танымы әке-шешеліге қарағанда мысқал кем, сондықтан да көп қателеседі. М.Қаб. * Мал жиясың, дүние жинайсың дейсің, сол шіркінді кім жимай жатыр. Өзің кешегі күніңді ойлашы, тесік өкпе боп азар дегенде ел санатына қосылып едік. Бір таяқ талқанды талшық еткен күніміз де болған. Қ.Ысқ. * Ал, Оспанның көп білетіні рас, туасы қулық сауып, жан сақтау маңдайына жазылған тесік өкпе адам, ондай жансыздарқұрлықтың қай жеріне ексең де өсе беретін арам шөп секілді,әр қоғамда да өмір сүре алады. О.Бөк. ~ Ждақай қадалған жерінен қан алатын шақар, тесік өкпе іскер жігіт. С.Ел.
