Тіпті болмағанда, аз дегенде, ең болмаса. ~ Өзің төреліктен сыпырылып қалған соң, былайға жұртқа қайын сауып кет демексің ғой. Тым құрмаса мына бала екеуміздің көңілімізге де қарау жоқ, ә? Қ.Ысқ. ~ Қараң қалғыр, тым құрмаса суымызды ұрттатсыншы! – деп алғашқы сөзіне қайта ауысып: – Не жетпейді екен екеуіне? Итаршы болып, ел жұртқа мазақ боп ырылдасып жүргені! Өз қамы болса екен-ау, тым құрмаса! М.Әу.* – Туған жер есіңізде қалды ма? Тым болмаса бұлың-бұлың елесі… М.Қаб. * Неге айтпайды ашығын… Неге сүйемін деп жығылмайды Ақанға… Осы уақытқа дейін бір рет, тым болмаса бір рет жылы сөз, ізетті қылық көрсетіп сендірмеді ғой серіні. Р.Мұқ. * Енді тым болмаса соның сол әңгімесін тыңдап, өзінің кім екенін біліп қалайыншы деген дәмемен: – Андағы сөзіңізге қалай сенерімді білмей отырмын, батыр,- дедім әдейі. Ж.Сәм. ~ Балам-ай, енді атыспен құтылмаймыз ғой. Тым құрыса сен аман шықшы! М.Әу. ~ Ел іші тынышталғасын қайта көшерміз! Тым құрыса, өзінді әкеліп тастармыз демейсің бе? Солай деуге керек қой! С.Ел. ~ Қазір менде бір ғана арман бар, ол – бәрін қойып, тезірек сыртқа шығып жөнелу. Бірақ оған жол жоқ. Тым құрса, есік жаққа, шетке де отырмаппын. Б.Соқ. ~ Қайырым жасап қасымыз, досымызға, Қаперсіз жүре беріп қасымызда. Қайран әкем тым құрса жөні түзу Жәй да салып бермепті басымызға. М.Мақ. ~ Әйтеуір, бәрі құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тым құрығанда телефон да соқпайды. Ә.Ыб. * Құпия орындағы оқтардың, тым құрығанда, екеуі өзімізде болғанда ғой, – деді бірі үнсіздікті бұзып. Оның даусы еш сезімсіз, салғырт естілген. Дж.Лонд. * Әлде мені жетім деп басынғандары ма бұл? Құдайай, осы жалғыздықтан тартқаным-ай… Тым құрығанда ағам болғанда ғой алдымда? Е.Жең.
