Әке-шешесінен ерте айырылған бала. ~ Көп көрдім құлынымда жетімдікті, Ата -анам қуып түзге бірге айдасып. Мен болдым бала күнде тірі жетім, Болғам жоқ еркеленіп ірі жетім. Бала боп ата-аналы, сый көргем жоқ, Қадірсіз, құнсыз, пұлсыз сірі жетім! М.Ж.Көп. ~ Сенің де алдағы күнің әлдеқалай. «Екеуміз де бақиға кетсек, баланы қалай тірі жетім етіп, тастап кетеміз? Көзіміз тіріде жағдайы бар жақындарымызға тапсырып кеткеніміз дұрыс шығар. Менің ұлыма туған әпкемнен артық кім қарайды? Тәуекелден басқа қайранымыз қайсы?» деп, солқылдап, көп жылады. Б.Ыб. ~ Айтыңыздаршы? Қайтып қана қалдырмақпын. Айдалаға әкеп тастап, қалған жерін біле тұра қам-қайғысыз жүре алам ба? Жоқ! Жо-жоқ, қалдырмағаным дұрыс болды. Бұл бейшараға тірі жетім етіп өмір сыйлағанымның өзі де жетер… Жо-жоқ, тастап кетпегенім жөн болған екен. С.Ғабб. Әке-шешесі ажырасып, бірінің қолында қалған бала. * Енді бір тұста: «Неше әйелді тірі жесір еттің, неше баланы тірі жетім еттің?!» деп сақал-мұрты сапсиған біреудің тақымына қылбұрау сала бастады. Ғ.Қаб.
